Облыс орталығында «Адал азамат» бағдарламасы мен «Наурызнама» жоспары аясында «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар акциясы өтті. Шара барысында үш жүзден астам оқушы бір мезетте танымал күйлерді орындап, сауда орталығының ішін домбыраның күмбірлеген үніне бөледі.
«Күй күмбірі» — ұлттық музыканы, домбыра өнерін насихаттауға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған ауқымды мәдени шара. Алғаш рет 2023 жылы ұйымдастырылып, бүгінде ел көлеміндегі маңызды мәдени бастамаға айналды.
Дархан Қасенов, Өскемен қ. «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің директоры:
Бүгінгі іс-шара Оқу ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен жалпы республика көлемінде ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына арналған «Күй күмбірі» атты республикалық домбырашылар сайысына біздің Өскеменнің оқушылары да қатысты. Бұл жердегі мақсат – ұлттық аспабымыз домбыраны насихаттап, ұлықтау.
Биылғы акция «Наурызнама» онкүндігі аясындағы «Жаңару» күніне арналды. Байқау барысында тек дала жыры емес, қазақ аспаптарының құдіретін танытатын танымал туындылар да орындалды. Атап айтқанда, «Тепеңкөк», «Әлқисса», «Ерке сылқым», «Көроғлы», «Көксерке» сынды халық күйлері орындалды. Жас домбырашы Әлімжан Хасеновтың айтуынша, ұлттық аспапты меңгеру тұрақты дайындықты талап етеді. Алғашында қиындықтар болғанымен, уақыт өте келе шеберлік қалыптасады. Мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысқан өнерпаз үшін көпшілікпен бірге өнер көрсету ерекше әсер сыйлаған.
Әлімжан Хасенов, домбырашы:
Домбыраны білсең қиын болмайды. Бірінші рет қиын болған. Сосын екінші, үшінші жылдары қиын болмады. Мен бірінші рет қатыстым. Маған ұнады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастырып, отансүйгіштік қасиетін арттырады. Сонымен қатар, ұлттық мұраны сақтауға және балалардың домбыраға деген қызығушылығын оятуға ықпал етеді.
Фатима Тілейханқызы