Бұған дейін бірнеше рет туристерге қауіпсіздік үшін QR-коды бар карта берілетінін айтқан едік. Осы уақытқа дейін пилоттық режимде істеген жоба биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде іске қосылды. Туристік карта – шетелдік азаматтардың елде емін-еркін жүріп тұруы үшін қажет. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің бастамасымен елге келген қонақтарға QR-коды бар арнайы туристік карталар таратылуда.
Бұл карталар әуежайларда және халықаралық жолаушылар пойыздарында ұсынылады. Картада «Safetravel.kz» сайтына сілтеме бар. Онда қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қажетті ақпарат қамтылған. Шетелдік туристерге арналған бұл карта арқылы олар елде өздерін қауіпсіз сезініп, қажет ақпаратты жылдам ала алады. QR-кодты сканерлеу арқылы арнайы сайтқа өтіп, барлық маңызды мәліметтермен танысуға мүмкіндік бар.
Бақытжан Қалымбетов, Өскемен қ. әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы:
Бүгінгі таңда Ресей Федерациясынан ұшып келетін ұшақтың жолаушыларын қарсы алудамыз. Бұл аталған шараның маңыздылығы – аймағымызға туристер алыс-жақын жерлерден көп келеді. Басты міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қағалау, азаматтардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шетелдік азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау.
Сайтта туристер үшін бірқатар маңызды ақпараттар орналастырылған. Атап айтқанда, полиция, жедел жәрдем және құтқару қызметтерінің байланыс нөмірлері көрсетілген. Сонымен қатар, көші-қонға тіркеу ережелері, ресми такси қызметтері мен байланыс операторлары туралы мәліметтер және қауіпсіздік бойынша ұсыныстар берілген. Әуе рейсімен Ресейден келген жолаушылар туристік картаның тиімділігін жоғары бағалады.
Жаңа туристік карта – қауіпсіздік пен қолайлылықты қатар қамтамасыз ететін тиімді құрал. Жоба алдағы уақытта елдің барлық ірі қалаларында енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Фатима Тілейханқызы