Өскемендегі №74 референдум учаскесінде дауыс беруге келген тұрғындарды робот күтіп алды. Аталмыш учаске Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-нің ғимаратында орналасқан.
Референдум учаскесіне келген тұрғындарды ерекше робот қарсы алуда. университеттің студенттері жасаған робот келушілермен амандасып, «Референдумға қош келдіңіздер!» деп азаматтарды қарсы алады. Заманауи технология көпшіліктің қызығушылығын тудырып, тұрғындар роботпен суретке түсті.
Давид Борозенец, AI Sana роботының негізін қалаушы:
AISana роботымыз университетімізде өтетін түрлі қоғамдық шараларда гид қызметін атқарып, белсенді қолданылып жүр. Оның сөйлеу жүйесі нейрожелінің үлкен тілдік модельдеріне негізделген. Соның арқасында ол кез-келген сұраққа жауап бере алады және оны әртүрлі жағдайларға, кез келген шараға оңай бейімдеуге болады. Қазіргі уақытта оған қосымша бейнеролик пен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум туралы бағдарлама жүктелген.
Бүгін референдумда тұрғындар белсенді түрде дауыс берді. Күні бойы сайлау учаскелерінде халықтың қатысу деңгейі жоғары болды. Университетке қарасты №74 референдум учаскесіне тізім бойынша 1500 жуық тұрғын тіркелген.
Данияр Елеманов, №74 референдум учаскесі комиссиясы төрағасының орынбасары:
Санап біткеннен кейін бюллетендердің қорытындысы шығарылып, ия немесе жоқ деген нәтижелер бойынша протокол референдум болған аймақтың қабырғасына ілініп тұрады. Қалған 2 экземплярын референдум болған аумаққа апарып өткіземіз орталыққа.
Осылайша тұрғындар ерекше көтеріңкі көңіл-күймен өз таңдауларын жасады.
Аяулым Усинова