Ұлан ауданында ұлттық спорт түрлерінен облыстық турнир өтті. Додаға 100-ден аса оқушы қатысты. Бұған дейін бұл жарыс тек аудан деңгейінде ұйымдастырылып келген. Ал биыл алғаш рет облыстық деңгейде өтті.

Жарыс Қасым Қайсенов кентіндегі Балалар шығармашылық үйінде ұйымдастырылды. Бағдарламада садақ ату, бес тас, асық ату, ләңгі тебу және арқан тарту сынды ұлттық ойындар бар. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар бар өнерін ортаға салды.

Ләйлә Уалшаева, Ұлан ауданы білім бөлімінің Балалар шығармашылық үйінің директоры:

Өзіміздің өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға қазақ бүкіл ұлттық ойындарын үйретуге, оны дәріптеуге орай ұйымдастырып жатырмыз. Негізі қазақ халқының ұлттық ойындары ата бабаларымыздан келе жатқан асыл мұра. Ұлт рухын көтеретін жастарды ептілікке батылдыққа бірлікпен достыққа тәрбиелейтін құндылық.

Ойынның әділ өтуін төрешілер жіті бақылап отырды. Себебі облыстың үздік спортшылары бас қосқан жерде бәсекенің де деңгейі жоғары болады.

Серік Сүлейменов, жарыстың бас төрешісі:

Бүгінгі сайысымызға 11 команда жиналды. Өскемен қаласынан, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Глубокое, Үлкен Нарын, Катонқарағай тағы басқа аудандар келіп отыр.

Жарыс барысында қатысушылар барын салды. Мысалы, Ұлан ауданының спортшысы Жәнібек Елдарұлы арқан тарту сайысына ұзақ уақыт дайындалған. Айтуынша, бұл ойын ауызбіршілік пен үлкен күшті талап етеді.

Жәнібек Елдарұлы, жарысқа қатысушы:

Жарыс өзіме қатты ұнап тұр. Осындай ұлттық спорттар дами берсін, жиі-жиі болып тұрсын.

Мұндай жарыстар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл турнир дәстүрлі түрде өтіп, қатысушылар қатары жыл сайын көбейетіне сенеді.

Бекарыс Секен