Облыс орталығында республикалық референдум учаскелерінің дайындығы және мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділігі тексерілді. Мониторингті облыстық аумақтық референдум комиссиясының жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы жүргізді. Бұл жолы мамандар Оқушылар шығармашылық сарайындағы №40 референдум учаскесіне барды.

Сайлау учаскелері мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қажетті құралдармен жабдықталуда. Арнайы автотұрақ орындары қарастырылып, пандустар, шақыру батырмалары, бағыттаушы белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылған. Ғимарат ішінде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы аймақтар ұйымдастырылған. Мұнда қосымша жарықтандыру орнатылып, компьютерлер және құлаққаптар қойылған. Ақпарат қағаз түрінде де, электронды форматта да ұсынылған. Сонымен қатар, референдум учаскелерінде көру қабілеті бұзылған азаматтарға бюллетеньді өз бетінше толтыруға көмектесетін Брайль қарпі бар арнайы трафареттер қойылған.

Жанар Алқанова, ШҚО аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары:

Референдум комиссиясы жанынан құрылған жұмыс тобы учаскелік референдум комиссиясында мүгедектігі бар тұлғаларға арналған. Барлық мүмкіндіктермен танысып өтті. Бұл инватакси қызметінен бастап, пандус арқылы көтеріліп, осы жерде көру қабілеті нашар және де арбамен жүретін адамдарға арналған барлық жағдай жасалған.

Учаскелерді дайындау кезінде кіреберіс бөлігінен бастап қозғалу бағытына дейін, дауыс беру кабиналары мен ақпараттық аймақтардың орналасуы қарастырылған. №40 референдум учаскесі азаматтарды қабылдауға толық дайын.

Галина Асташкина, № 40 референдум учаскесінің төрағасы:

Сіздер референдум учаскесінің толық дайын екенін көрдіңіздер. Мүгедектігі бар азаматтарды қабылдауға дайынбыз. Қолжетімді орта жасалған. Пандус орнатылған, ол арқылы арба пайдаланатын адамдар еркін өте алады. Сондай-ақ арнайы бұрыш пен дауыс беруге арналған кабинада жабдықталған.

Референдум учаскелеріндегі дайындық жұмыстарына мүгедектігі бар адамдармен көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық ұйымдар да белсенді қатысуда. Ұйым өкілдері мұндай жағдайларда туындауы мүмкін кедергілерді жақсы біледі. Мәселен, есту қабілеті бұзылған адамдар үшін сурдоаудармашы көмегі қарастырылған.

Маргарита Коханова, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» ҚБ ШҚОФ төрағасының м.а.:

15-і күні өтетін референдумда міндетті түрде сурдоаудармашылар болады, есту қабілеті бұзылған адамдарға қажетті көмек көрсетіледі. Сондай-ақ онлайн-аудармашылар да жұмыс істейді — олармен бейнебайланыс арқылы, соның ішінде WhatsApp арқылы да онлайн байланыс орнатуға болады.

Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мұндай тексерулер әрбір саяси науқан алдында тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.

Илья Смоляков, «Қазақстан саңыраулар қоғамы» ҚБ ШҚОФ мүшесі:

Менің көру қабілетім бойынша мүгедектігім бар. Әрбір саяси науқан алдында біздің жұмыс тобы мүгедектігі бар адамдар үшін референдум учаскелерінің қолжетімділігін тексеру мақсатында мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта учаскелердің жабдықталуы бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өтуге болады.

Облыстық комиссия референдум учаскелерінің қолжетімділігі мәселесі тұрақты бақылауда екендігін атап өтті.

Салтанат Кеңесбекқызы