Өскеменде есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында қол күресінен облыс біріншілігі өтті. Облыстың қала-аудандарынан келген 30-дан астам спортшы өзара күш сынасып, кім мықтыны анықтады. Сайыстың мақсаты-параспортты дамыту, спортшылардың шеберлігін шыңдау.

Чемпионатқа облыстың әр аудан-қаласынан жиналған спортшылар қатысты. Қатысушылар белгіленген ережеге сай бақ сынады. Белдесулер тартысты ойын өрнегін көрсетіп, күш-қуаты мен жеңіске деген жігерін ортаға салды.

Сергей Соколов, бас төреші:

Параспортшылар арасында бес санат бойынша жарыс ұйымдастырылып отыр. Атап айтқанда, арбадағы спортшылар, тірек-қимыл аппараты зақымданғандар, көру және есту қабілеті бұзылған спортшылар, сондай-ақ басқа да санаттағы қатысушылар бар. Олардың арасында бір қолы жоқ спортшылар да кездеседі. Әр санатта салмақ дәрежелері қарастырылған. Сонымен қатар 23 жасқа дейінгі жастар санаты да бар. Сайысқа 30-дан астам спортшы қатысып отыр. Бұл әрине қуантады. Спортшыларымыз Шемонаиха, Глубокое, Тарбағатай, Алтай аудандарынан Зайсаннан да келіп жатыр. Бұл жарыс – наурыз айының соңында Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу кезеңі.

Сайысқа қатысушылардың басым бөлігі республикалық тіпті әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген жандар. Бұл спорт түрі тек күш сынасу емес, ол адамның шыдамдылығын арттырып, өз мүмкіндігіңді ашуға көмектеседі, дейді қатысушылар.

Жанерке Ардақ, жарысқа қатысушы:

Зайсан қаласынан келіп тұрмын. Алдағы мақсатым- Әлем чемпионы, Азия чемпионы болу, қазіргі қарсыластарымды жеңу. Тренеріме алғыс айтамын. Ермек Досбосын ұлы. Сол кісінің арқасында Әлем чемпионы болдым. Азия чемпионы болдым. Әкеме және үлкен тренерлерге көп алғыс айтамын.

Владимир Уфимцев, жарысқа қатысушы:

Глубокое ауданынан келдім. Бұл спорт түрімен,10 жылдан бері айналысамын. Жарыстың қалай өтетінін уақыт көрсетеді. Қандай қарсылас болса да, бәрін құрметтеу керек. Әрдайым дайындалып, жаттығып жүру маңызды. Алда Қазақстан чемпионаты бар. Егер онда жақсы нәтиже көрсетсек, Азия және әлем чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік туады.

Жарыс қорытындысы бойынша әртүрлі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталды. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздіктер ел чемпионатына жолдама алды.

Нұртас Қайролдаев