Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс орталығында «Мемлекеттік қызметтегі әйел көшбасшылар» атты электронды альбомның тұсаукесері өтті. Мұнда аймақтың әлеуметтік – экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан 101 таңдаулы әйелдердің тарихы жинақталған. Олардың арасында білікті басшылар, жауапты сала мамандары, ардагерлер мен белсенділер бар. Әрқайсысы көпке үлгі.
Электронды альбом бес бөлімнен тұрады. Туындыда мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосқан әйелдердің кәсіби жолы мен жетістіктері баяндалады. Жоба олардың мемлекеттік басқарудағы рөлін насихаттап, гендерлік тепе-теңдік қағидаттарын нығайтуда сеп.
Айгүл Сейілхан, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚОФ доценті:
Бұл альбом үлкен 5 тараудан тұрады. Бірінші тарау – мемлекеттік қызметтегі ардагер ханымдар деп аталады. Бұл жерде еңбек өтілі 35 жылдан жоғары, зейнеткерлік демалыста отырған мемлекеттік қызметші әйелдер. Сондай-ақ, 101 жастағы Әбілқайырова Жаңылсын деген апамыз бар. Ол кісі өте ұзақ жылдар бойы Облыстық статистика басқармасында жұмыс жасапты. Мысалы, сол кісінің еңбегін көпке үлгі етуге болады.
Бүгінде өңірдің мемлекеттік қызмет жүйесінде 3964 адам еңбек етеді. Ұжымның шамамен 70% әйелдер құрайды. Олардың көпшілігі тек маман ғана емес, басшы ретінде де өздерін сынауда. Қазір 470-тен астам әйел басшылық қызметте табысты қызмет атқарып жүр.
Дархан Хайруллин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Айта кету керек, барлық маңызды стратегиялық шешімдерді, әлеуметтік-экономикалық шешімдерді де әйел әріптестеріміз қабылдайды. Сондықтан да бүгінгі шара өте маңызды. Соның бір айғағы «Мемлекеттік қызметтегі әйел көшбасшылар» электрондық альбомының тұсаукесері. Алдағы уақытта біздің міндетіміз - мемлекеттік қызметтегі әйелдердің рөлін одан әрі нығайту.
Аталмыш альбомға есімдері енгізілгендердің арасында – облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова да бар. Ол өмірінің 25 жылын мемлекеттік қызметке арнаған.
Айнаш Қапанова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Отыз сегіз жылдан артық медицина саласында жұмыс істеген екенмін. Оның ішінде 25 жылға таяу мемлекетті қызметте жұмыс атқарып жатырмын. Соның арқасында мына тұсаукесер альбомның ішіне мемлекттік қызметте атқаратын әйелдер қатарына мен де кіріппін. Соған үлкен рахмет! Алғысым шексіз. Ұйымдастырған организаторлардың бәріне рахмет айтамын.
Тұсаукесерге қатысушылар мемлекеттік қызмет жай ғана мамандық емес, өмірлік жол деп біледі. Әр сәттің артында тынымсыз еңбек, жүйелі жұмыс жатыр.
Гүлдана Айдарқызы