«Зер қадірін зергер білер». Шынында да, кәдімгі сақина мен сырғаның артында қаншама еңбек жатыр. Қазір дүкенде дайын дүние көп, бірақ қолдан соғылған әшекейдің орны қашанда бөлек. Мәселен, Өскеменде ата кәсіпті жалғастырып жүрген жас шеберлер бар. Олар әр бұйымды ұлттық нақышта, заманауи стильде дайындайды.

Саян зергерлікпен алты жылдан бері айналысады. Бұл салаға келуі де кездейсоқ емес. Себебі осы мамандықты таңдаған. Жас болса да, тәжірибесі мол шебер түрлі бұйым жасап, кәсібін дөңгелетіп жүр.

Саян Ғадылбеков, зергер:

Зергер болу - уақыт пен еңбекті талап етеді. Басында аз-аздан еңбек етіп, тәжірибе жинап, қиындықтар болуы мүмкін, қате шығуы мүмкін. Бірақ кейіннен бәрі түзеледі. Мысалы өзім басында бастадым, қазіргі таңда кішігірім шеберханам бар. Біраз бұйымдар жасап жатырмын, сырға, сақина, білезіктер жасап жатырмыз. Қазіргі таңда мен күмістен жасап жатырмын. Өйткені қарапайым халыққа қолжетімді.

Зергердің айтуынша, металдардың ішінде күміс өңдеуге өте ыңғайлы, денсаулыққа да пайдасы мол. Халқымыз «алтынды сәндікке, күмісті емдікке» деп бекер айтпаса керек.

Саян зергерлікке досын да баулып жүр. Қазір екі дос шеберханада бірге жұмыс істейді.

Мынамен жұмыс істеген кезде өте абайлау керек. Өйткені қисық тесіп жіберсең оюдың қырын, бұзып алуға болмайды. Сол үшін қолыңмен нық ұстап ақырындап басып тесесің.

Никита Цинн, зергер:

Маған зергерлік өнерді сыныптасым Саян үйретті. Алғашында қиын болды, себебі құрал-сайман өте көп, әрқайсысының өз тәсілі бар. Бірақ қазір толық меңгеріп алдым. Сақина, білезік, сырға сияқты түрлі бұйымды жасай аламын.

Ісмер жанның қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс жоғары. Тұтынушылар да аз емес. Бірі дайын болған тапсырысын алып кетсе, енді бірі жаңа туындының үлгісін талқылауға келеді.

Әмірғали Рапеков, зейнеткер:

Кішкентай немереміз бар. Соған енді күмістен заказ беріп істеліп жатқан жұмысын білейік деп келдік жұмысына өте ризамыз. Сүйсіндім. Алдына қойған талаптары көп.

Саян Ғадылбеков, зергер:

Болашақта арман жоспарым өз бұйымдарымды шетелге экспортқа шығару. Себебі қазақтың зергерлік бұйымдары әлемге танытқым келеді.