Ұлан ауданында білім саласын ілгерілету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта «Багратион Ұлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ауыл мектептерін қолдау, педагогтердің біліктілігін арттыру және білім сапасын жақсартуға бағытталған.

Қол қойылған меморандум – білім беру саласындағы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды құжат. Игі бастама аясында тараптар озық педагогикалық тәжірибелерді енгізіп, білім беру үдерісін заманауи талаптарға бейімдеуді көздеп отыр. Әсіресе ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және білім сапасын жүйелі түрде көтеру – басты басымдықтардың бірі. Бұл – өңірдегі білім беру жүйесін кешенді дамытуға бағытталған нақты қадам.

Маделхан Піржанов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:

Бұл бастама негізінен аудан әкімі Арман Ильясұлы мен «Багратион Ұлан» ЖШС директоры Наталья Васильевна Воропайдың қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл құжат екі білім беру ордасының арасындағы келісім ғана емес, ол озық технологияларды енгізу тәжірбие алмасу. Ол жаңағы ойлар мен тың идеялар арқылы ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру.

Аталған әріптестік аясында нақты жобалар да жүзеге аса бастады. Соның бірі – Пролетарка ауылындағы негізгі мектеп. Бұл білім ордасы ұзақ жылдар бойы өндіріс орнымен тығыз байланыс орнатып, тұрақты қолдауға ие болған. Ендігі кезекте ынтымақтастық жаңа мазмұнмен толықты. Яғни, материалдық көмектен бөлек, әдістемелік қолдау көрсету, ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыру және тәжірибе алмасу үдерісін жандандыруға басымдық берілуде.

Елена Зырянова, « Багратион Ұлан» ЖШС директорының м.а.:

Біздің “Багратион Ұлан” ЖШС Пролетарка ауылындағы мектепке ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп келеді. Бұған дейін материалдық көмек берсек, енді әдістемелік тұрғыдан қолдау білдіруді қолға алдық. Себебі өндірісіміз осы ауылда орналасқан, қызметкерлеріміздің басым бөлігі де осында тұрады. Сондықтан олардың балалары сапалы білім алуы – біз үшін маңызды. Бұл – болашақ мамандарды даярлаудың негізі.

Білім беру ұйымдары арасында тығыз байланыс орнап, тәжірибе алмасу үдерісі қарқын алған. Ұстаздар жаңа форматтағы сабақтарға қатысып, заманауи әдістемелерді меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Сонымен қатар, біліктілікті арттыру курстары мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасалуда.

Данияр Уәлиев, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

Біз осы шарт бойынша осы мектеппен тығыз жұмыс жасайтын боламыз. Бұл жерде іс-тәжірбие өтетін болады біздің мектебіміздің базасында. Мұғалімдері бүгін келіп сабақтарға қатысып жатыр. Сонымен қатар курстар, мастер класстар өткіземіз. Тек мектептің ұстаздарымен бірге, оқушыларымен де жұмыс жасаймыз. Осы жерде жазғы мектепке Пролетарка мектебінің оқушылары келіп жазғы мектебін өтеді.

Бұл бастама Пролетарка ауылындағы негізгі мектеп ұжымы үшін де тың серпін берді. Білім ордасының педагогтері жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға белсенді кірісіп, әр пән бойынша заманауи оқыту тәсілдерін игеруге ден қойған.

Ерназ Мұхаметуалиев, Пролетарка негізгі мектебінің директоры:

Мектеп ұжымы түгелдей осы Назарбаев мектебіне келіп ашық сабақтарға қатысып, тәжірбие алмасып үлкен күні бойы тренигтер мен отырыстарға және ашық сөйлесу алаңында. Қазақ тілі, Орыс тілі, Физика, химия, музыка, география, тарих, осы пән мұғалімдерінің барылығы тіпті дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне дейін осындамыз.

Құралай Ибакова, Пролетарка негізгі мектебінің математика пәні мұғалімі:

Бүгін біз көптеген сабақтарға қатыстық. Өзім математика пәнінің мұғалімі болғандықтан математика сабақтарына кірдім. Барлығы жоғарғы деңгейде болып жатыр. Шынымен де алатын тіжірбиеміз көп екен. Алған тәжірбиемізді өз мектебімізде қолданып, білімімізді шығдап, дамытып оқушылардың сапасын арттырып жатырмыз. Барлығы жақсы болып жатыр Назарбаев зияткерлік мектебіне көп-көп рахмет.

Ұстаздардың айтуынша, мұндай тәжірибе алмасу – кәсіби тұрғыдан өсуге берілген үлкен мүмкіндік. Әріптестер арасындағы ашық диалог пен өзара қолдау білім беру сапасын арттыруға жаңа серпін береді. Әсіресе пәндік сабақтарға қатысу арқылы алынған тәжірибе күнделікті оқу үдерісінде тиімді қолданылмақ.

Нұртас Қайролдаев