Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді. Аймақ басшысы қала әкімі Алмат Ақышовпен бірге облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.

Жұмыс сапары барысында облыс және қала әкімдері Ахмер кентіне барып, жөнделіп жатқан жолдардың жай-күйін көрді. Биыл мұнда 6 көшеге жөндеу жүргізу жоспарланған. Қалған көшелер кезең-кезеңімен алдағы жылдары жөндеуден өтеді. Аймақ басшысы қала әкімдігіне қажетті құжаттарды алдын ала әзірлеп, барлық жұмысты 2028 жылға дейін аяқтауды тапсырды.

Ержан Ибраев, Өскемен қ. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Ахмер кентінде жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын 6 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, елді мекендегі барлық көшенің ұзындығы шамамен 40 шақырымды құрайды. Биыл осы көшелерде кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі таңда мердігер ұйымдар жолдың негізгі бөлігін дайындап қойды, ал алдағы апталарда асфальт төсеу басталады.

Сапар барысында Ахмер кентінің тұрғындарымен кездесу өтіп, елді мекен үшін өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, жаңа көлік өткелінің құрылысы да тексерілді. Аймақ басшысы нысанды осы жылдың 25 қазанына дейін аяқтауды тапсырды.

Асхат Рахимов, бас мердігер:

Қазіргі уақытта жол өткелінің тіректерін тұрғызу бойынша монолитті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бағаналар, арқалықтар, тіректер орнатылуда. Жоспарланған жұмыстың шамамен 50 пайызы бітті. Қалған 50 пайызы жуықта аяқталады. Бұл жұмыстарды біз ақпан айында бастадық. Жиырма бесінші қазанға дейін негізгі жұмыстарды аяқтап, өткел арқылы Сәтпаев көшесі бағытында көлік қозғалысын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал, келесі жылы сақинаның айналасындағы абаттандыру жұмыстары мен жаяу жүргіншілер жолдарын толық аяқтаймыз.

Құрылыс жұмыстарына байланысты 1 маусымнан бастап Сәтпаев көшесі бойындағы қозғалыс уақытша шектеледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мынау развязканың ішіндегі жұмыстардың барлығын мамыр айының аяғына дейін аяқтауымыз керек. Сосын 1 маусымнан бастап Сәтпаев көшесін жабуға тура келеді. Әрине, бұл тұрғындарға белгілі бір қолайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ тұрғындар түсіністікпен қарайды деп сенеміз... бірлесіп шешеміз деп ойлаймын.

Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов «Заря» саяжай алқабының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар жолдардың жағдайы мен көшелерді жарықтандыру мәселесін көтерді. Кездесу барысында биыл бұл аумақтағы жолдарды асфальттау жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

Фатима Тілейханқызы