Шығыс Қазақстанда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы кең көлемде жалғасып келеді. Табиғатты қорғау мен көгалдандыруды мақсат еткен бастамаға өңір тұрғындары белсенді атсалысуда. Соның бірі – Риддер қаласы. Мұнда бір күннің ішінде жүзге жуық адам мыңдаған қарағай көшеттерін отырғызды. Игі іске тілшіміз Нұртас Қайролдаев куә болып қайтты.

Риддерде ұйымдастырылған экологиялық акцияға Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, орман шаруашылығы мамандары, жастар мен қала тұрғындары бір кісідей ат салысты. Игі бастама табиғатты қорғау ісінің ортақ міндетке айналғанын аңғартады.

Дамир Сайдығұмаров, Риддер орман шаруашылығы директорының орынбасары:

Көрші орман шаруашылықтары, Риддер қаласының тұрғындары бар. Оның ішінде жеті жастағы бара мен жетпістегі қариялар да ат салысып жатыр. Оның барлығы орманымызды молайту, президентіміз айтқан «Таза Қазақстан» жасыл Қазақстан жасыл желекті молайту барысында атқарылып жатқан жұмыстар. Әр жыл сайын 100-200 гектар план бойынша осындай аумақтарда ағаш егу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек қала ішінде жасыл желекті молайту мақсатында көшеттерді отырғысу әр дайым жасалынады бізде.

Арай Атантаева, Пригородная орманшылығының басшысы:

Орман егу ғана емес, қала бойынша тазалау жұмыстарына да қатысамыз, ағаштарды әктеп, қоқыс жинаймыз. Сондай жұмыстарға өте көп белсенді қатысамыз.

Экологиялық шараға ересектермен қатар жасөспірімдер,мектеп оқушылары да белсенді қатысты. Табиғатқа жанашырлықты ерте жастан қалыптастыру – мұндай бастамалардың басты нәтижелерінің бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас буынның қызығушылығы жыл сайын артып келеді.

Қосай Төлеухан, қала тұрғыны:

Мен осы «Таза Қазақстан» акциясына көмектесіп отырмын. Осы біздің орманымыз өте әдемі болсын және болашағымыз да әдемі болсын.

Інжу Рамашева, қала тұрғыны:

Мен көшет егу шарасына бекер қатысып жүрген жоқпын, өйткені мен өз орманымызды өте жақсы көремін және оны бағалаймын. Сондай-ақ оның әрдайым осындай таза, көркем әрі тіршілікке толы болып қалуын қалаймын.

Ал ересектер үшін бұл бастама – табиғатты сақтауға қосылған нақты үлес әрі келер ұрпаққа үлгі болар іс.

Әйгерім Шаяхметова, қала тұрғыны:

Осындай өлекмізде ауқымды шар өтіп жатқанын естіп арнайы осы жерге келдім. Осындай көбірек ағаш отырғызсақ болашақта зор пайдасы тиеді деген үміттеміз. Ауамыз тазарып өлекміз одан сайын көркейе беретініне сенімдіміз.

Асқар Ысқақ, қала тұрғыны:

Таза Қазақстан жалпы ұлттық экологиялық акциясына бейжай қарап қалмай, орман шаруашылығымен бірге 27 мыңнан астам көшетті отырғызу шарасына келдік. Барлығына сіттілік тілейміз, еліміз жайнай берсін гүлдене берсін.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы өңірде кең ауқымда өтіп, табиғатты қорғауға бағытталған нақты істермен ерекшеленуде. Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, елдің болашағына жасалған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады.

Нұртас Қайролдаев