Облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға 100 мыңнан астам тұрғын қатысты. Аймақтың барлық қалалары мен аудандарындағы еңбек ұжымдары, табиғат жанашырлары белсенділік танытты. Олар аумақтарды ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Өскемен қаласын қоқыстан тазарту үшін учаскелер бекітіліп, ұйымдар тазалық жұмыстарына кірісті. Соның бірі– амфитеатр маңы. Мұнда 300 – ден астам тұрғын абаттандыру және көғалдандыру шараларына қатысты. 150 ағаш көшеттері отырғызылды. Сенбілікке Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов та келді.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Көшет егу акциясына қатысып жатырмыз. Мұның барлығы қаламыздың көркейіп, жасылдануы үшін жасалынып жатқан акция. Керемет бастама, біздің санамыздан бастап тазалану мәселесін көтереді. Қазіргі қаламызда болып жатқан оң өзгерістерді байқап отырсыздар, бұл акция бітпейді, жалғаса беретін болады. Шамамен 55 мың адам қатысып жатыр, Өскемен қаласынан бұл жерде ірі кәсіпорындар қолдау көрсетті мекемелер шығып жатыр.
Экологиялық сенбіліктер 30 мамырға дейін жалғасады. Шараға кез – келген қала тұрғыны қатысып, белсенділік таныта алады.
Думан Сайфуллин, Шығыс Қазақстан облысының бас имамы:
Діни бірлестік өкілдері де осы тал егуге шығып отырмыз. Тал егу біздің мұсылмандықта да білесіздер сауапты іс болып саналады. Алла тағала осы іске үлес қосып жатқан барша азаматқа екі дүниенің жақсылығын берекетін нәсіп етсін. Еліміз көгеріп, дами берсін. Алла тағала шаңыраққа бақ береке жақсылығын нәсіп етсін.
«Таза Қазақстан» акциясы тек экологияны жақсартып ғана қоймай, ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретеді.
Ернұр Қанапиянов, қала тұрғыны:
Бұл шараға кішкентай балаларымызды алып келдік. Негізгі мақсат балалар жастайынан бастап тазалықты көрсе, үлкендерді көрсе шаралардың барлығын кішкентай кезінен бастап көрсе, ертең бұларда осы біздің қазіргі отырғызылған талдарымыз 10 жылдан кейін бұл баламен бірге өсіп, осы балалар үлкен жасқа келген кезде көріп, біз еккенбіз, фотоға түсіп, сондай мақсатта келіп отырмыз.
Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде 250 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Ал өңірдің орман қорында болашақ жасыл алқаптардың негізін құрайтын 40 миллионға жуық көшет бар.
Гүлдана Айдарқызы