Шығыстың бас шаһарында «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің кешенді тәсілі, тәжірибе, мәселелер, перспективалар» тақырыбында республикалық семинар өтті. Шараға елдің әр өңірінен 200-ден астам қатысушы жиналды.

Семинарға білім беру ұйымдарының өкілдері, аутизм орталықтарының басшылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының жетекшілері және ата-аналар қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауда командалық жұмысты күшейтіп, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салалары арасындағы байланысты нығайту.

Саламат Жақсылық, Педагог дефектолог-логопед:

Шымкент қаласынан келдім, мен арнайы маманмын. Дефектолог логопед болып жұмыс жасаймын. Бүгінгі келген семинар өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қарсы алулар өте жоғары деңгейде, адамдар да өте мейірімді және ілтипатты.

Шара барысында инклюзивті білім беруді дамыту, жаңа әдістерді енгізу және тәжірибе алмасу мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар «Инклюзивті білім беруді дамытудағы қоғамдық қорлардың рөлі», «Шығыс Қазақстан облысында ерекше балаларды қолдау жүйесін жетілдіру» және «Мұғалімдердің жаңа буынын даярлау, қиындықтар мен мүмкіндіктер» тақырыптарында баяндамалар тыңдады.

Ардақ Кубентаева, облыстық білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:

Жалпы сәуір айы аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарататын ай болып саналады. Сондай-ақ елімізде инклюзивті саясатты іске асыру тұжырымдамасы бар. Осы стратегиялық бағыттағы жұмыстарды іске асыру аясында біздің өңірде Республикалық семинар ұйымдастырылып отыр. Бұл семинарға Республиканың жиырма облысынанда келіп спикерлер қатысуда.

Соңғы жылдары өңірде қолдау жүйесі де жетілдірілуде. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар жаңғыртылып, жаңа кабинеттік модель енгізілген. Бұл тәсіл әр баланың қажеттілігін кешенді бағалап, жеке білім беру бағытын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Айгүл Картенова, ШҚО білім басқармасының №8 арнайы мектеп интернатының директоры:

Өте үлкен деңгейде өтіп жатыр, бүкіл ел бойынша осы инклюзия мәселесі бойынша жұмыс жасайтын мамандар жиналып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға байланысты мәселелерді қарастыратын боламыз, сондықтанда барлығына сәттілік тілеймін.

Мамандардың айтуынша, бүгінде басты назар диагноз қоюдан гөрі баланың жеке қажеттіліктерін анықтап, оны жан-жақты сүйемелдеуге аударылған. Мұндай жүйелі жұмыс бүлдіршіндердің әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуіне және өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына септігін тигізеді.

Нұрдәулет Қалибеков