Риддерде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері, еріктілер, экобелсенділер және қала тұрғындары бекітілген аумақты тазарту үшін бір кісідей жұмылды.

Акцияға қатысушылар бірден жұмысқа кірісті. Олар Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының әкімшілік ғимараты маңындағы аумақты ретке келтірді. Сол маңға жақын орналасқан көшелерді қоқыстан тазартты. Қорық қызметкерлері сенбілік – ұжымдық жауапкершілікті талап ететіндігін жақсы біледі. Риддерде экологиялық бастамаларға үнемі қатысатын белсенді азаматтар да бар.

Әлібек Тоқымтаев, Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының бөлім басшысы:

Қоршаған ортаның тазалығы әр азаматтың басты міндеті деп ойлаймыз. Сондықтан соған қарай біздің Батыс Алтай қорығының барлық ұжымы қала көшелерін тазалап, өз үлестерін қосып жатыр. Және қаланың ауасының тазалығына да өзінің көмегі тиіп, осындай істер атқарып жатырмыз. Өзіміздің парктер шеру аясында таза қазақстан экологиялық акциясы аясында көптеген жоспарлар бар. Сол жоспарлар іске асып жатыр.

Риддер тұрғындары мұндай акцияларды өткізу әрбір адамға туған қаласының келбетін жақсартуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді дейді.

Риддерде өткен экологиялық акция барысында 8 гектардан астам аумақ тазартылып, үш тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Осындай сенбіліктер тазалық пен тәртіпті сақтау жолында қала тұрғындарын біріктіретін игі дәстүрге айналды.

Салтанат Кеңесбекқызы