Мамандық таңдау - маңызды шешім. Өскемендік талапкерлер үшін тамаша мүмкіндік туды. Облыс орталығында «Study in Kazakhstan» көрмесі өтті. Көрме үш жылдан бері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен жүзеге асып келеді. Биыл бұл бастама елдің 14 қаласын қамтып отыр.
Астанада басталған көрме Өскеменде жалғасын тапты. Көрмеге 30-дан астам жоғары оқу орны мен Қазақстандағы шетел университеттері филиалының өкілдері қатысты.Бұдан бөлек, шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев қатысты
Руслан Емелбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі:
«Study in Kazakhstan» көрмесі-Ғылым және жоғары білім министрлігінің тарапынан Президент тапсырмасы аясында, Қазақстанда ашылған шетелдік жетекші оқу орындарының талапкерлері және ата-аналары арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған көрме.Бұл көрме 7 сәуір күні Астана қаласында бастау алған болатын. Жалпы, 26 сәуірге дейін өз жалғасын табады.
Жобаның мақсаты - талапкерлерге елдегі жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттер филиалдарының мүмкіндіктерін жан-жақты таныстыру. Шара барысында қатысушылар білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, қабылдау талаптары мен оқу үдерісі туралы толық ақпарат алды.
Бұлбұл Қозыбаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл біздің балаларымыз үшін өте үлкен мүмкіндік.Өйткені, әр ата-ана, бала, әр университеттің талаптары мен қандай гранттар бар таныса алады. Өздерінің толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, сол сұрақтарына жауап ала алады. Биыл бізде 5100-ден астам 11-сынып түлек мектеп бітіргелі отыр. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.
Көрмеге қатысқан Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті талапкерлер үшін мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтады.
Әнуар Исин, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті:
Форум бірнеше күннен бері түрлі қалада өтіп келеді. Маған бәрі ұнады. Ең алдымен мен талапкер болған кезде қайда оқуға түсерімді білмедім. Осы сынды шаралар арқылы талапкерлер ЖОО-ын таңдай алады.Бұдан бөлек, мектеп түлектері қайда оқуға түсуге болатынын біле алады. Ал, біз оларға көмектесеміз.
Көрме барысында талапкерлер тек оқу орындарымен танысып ғана қоймай, қажетті ақпаратпен де қамтылды. Олар мамандық таңдауда нақты бағыт алғандарын айтады.
Аружан Секенова, мектеп оқушысы:
Жалпы, мен әртүрлі университеттер көрдім. Менің бейіндік пәніме сай университтер көрдім. Мысалы, Сәтбаев университетінде грантқа түсуге мүмкіндіктер бар екеніне, тіпті 80 ұпаймен де грантқа түсуге болатынына көзім жетті. Мен осы пайдалы ақпаратты көріп, өзімнің сыныптастарыма да айтамын деген ойдамын.
«Study in Kazakhstan» көрмесі – талапкерлер үшін өз болашағын саналы түрде жоспарлауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.