Ұлан ауданына қарасты Жоғарғы Тайынты ауылында Наурыз мейрамы өтті. Ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы мерекелік сахна құрылып, ұлттық нақыштағы концерттік бағдарлама ұсынылды. Әсем ән мен күмбірлеген күй көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жиналған жұртшылық белсене қатысты.
Тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамы - Наурызды ауыл тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды. Қар көбесі сөгіліп, қытымыр қыстың қайтуы мерекенің мән-маңызын одан әрі арттыра түсті. Әсіресе, таулы да нулы табиғаты тамаша тайынтылықтар үшін бұл күннің орны бөлек.
Раушан Қыдырханқызы, ауылдық әжелер алқасының төрайымы:
Ауылымызда дүрілдеген жақсы Наурыз мерекесі өтіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Міне, халықтарымыз да қуанышты. Барлығы жан-жақтан келіп жатыр. Осы ауылымызға мыңда бір рақмет. Ауылымыздың азаматтары мықты, барлығы аман болсын. Мына ауылымыздан кеткен міне азаматтардың барлығы бірігіп, осы Тайынты ауылымызға деп Наурыз тойын өткізуге ат салысып жатыр. Өте қуаныштымыз. Халықтарымыз да күннің ауарайы да қандай керемет болып тұр, өзіміздің кең пейіліміз сияқты. Өте тамаша Наурыз мерекесі күшті өтіп жатыр.
Ауылда ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігілді. Көшеде даладай дастархан жайылып дәстүрлі тағамдар жұртқа таратылды. Мейрамнан жастар жағыда шет қалмады. Түрлі спорт ойындарына қатысып көпшілікке керемет әсер сыйлады.
Құрылған алтыбақанды айнала ойнап жүрген балалармен де тілдесіп көрдік.
Ауылдан жырақта жүрген азаматтар да арнайы ат басын бұрып, туған жеріндегі мерекеге келген. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді», - деген осы шығар.
Дархан Қасенов, «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің директоры:
Ауылдан шетте жүрген тұрғындардың барлығы ауылға оралып бүгін жақсы көңіл күйде Наурыз мейрамы тойлатып жатыр. Осындай шаралар ауылымызда көп болсын. Ұлыстың ұлы күні наурыз мейрамы құтты болсын.
Елді мекенде соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Ауылдың инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсара түскен.
Салтанат Қалымбекова, кәсіпкер:
Тайынты ауылы сондай елге жайлы, ауасы деген сондай керемет, табиғаты деген қарағайдың арасында орналасқан, шөбі шүйгін, көк майса жер. Ауылымыз жылдан-жылға жаңарып, өніп-өсіп келе жатыр. Айта кетсек, соңғы жылдары ауылымызға ауыз су тартылып, интернет жүйесі орнатылып орталық жарықтандыру орнатылып, жылдан жылға көркейіп келе жатырмыз.
Дүбірлі мерекені думандатып өткізген тұрғындар жылдан-жылға аман-есен жетуге тілектерін арнады. Ерекше әсер сыйлаған Наурыз мерекесі көптің есінде талай уақытқа қалатыны сөзсіз.
Бекарыс Секен