Өскеменде заманауи «Monotel» қонақ үй кешені ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Қонақ үй кешені жобасы инвесторлардың бастамасымен жүзеге асырылды.
Салтанатты шарада қонақтарға арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Кешен қызметкерлері қадірлі меймандарды ұлттық нақышта қарсы алды. Ұйымдастырылған концерттік нөмірлерден дәстүр мен заманауи үлгінің үйлесімділігі айқын байқалып, мәдениет пен сән-салтанаттың тоғысқан жарқын көрінісі болды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қаламыз көркем, керемет. Жан-жағы тұнып тұрған табиғаты тамсандырады. Сондықтан қонақтарымыз жыл өткен сайын облысымызға көптеп келуде. Өткен жылдың өзінде 450 мың туристер біздің облысымызға келсе, 24 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық.
«Monotel» қонақ үйі 7 қабаттан тұрады. 46 бөлменің ішінде президенттік нөмірлер, люкс және стандартты бөлмелер бар. Бұдан бөлек, конференц-зал, банкет залы және заманауи мейрамхана қарастырылған.
Айгүл Әлиева, «Monotel» қонақ үйінің бас директоры:
Біз ашылуымызға дайындықты 2 ай бойы жүргіздік. Командамызбен бірге ауқымды жұмысты сәтті атқардық деп ойлаймын. Бүгін міне көптен күткен қуанышымыз – ашылу салтанаты. Бұл біз үшін ерекше салтанатты күн. Қонақ үй келушілерді қабылдауға дайын.
Қонақ үй кешені іскерлік кездесулер, туристер мен қала қонақтары үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нысандар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, қызмет көрсету сапасының өсуіне ықпал етеді.
Аяулым Усинова