Облыс орталығында есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған «Таңдау» атты қойылым сахналанды. Шараның мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге есірткінің зиянын түсіндіріп, қоғам назарын осы сынды өзекті мәселеге аудару.
Қойылым арқылы ұйымдастырушылар есірткінің адам өміріне тигізетін зардабын көрерменге әсерлі түрде жеткізуге тырысты. Сахналық көріністе зиянды әдеттің салдары мен оның жастар тағдырына қалай әсер ететіні бейнеленді.
Әлия Көңілханқызы, «Самға» даму орталығының жетекшісі:
Қазір көбінесе, соңғы кезде осындай құқықбұзушылық шараларымен ғана шектеле алмаймыз. Өйткені, бұл жан-жақты, ортақ мәселе. Бұл қойылым екінші жыл қайталанып қойылып жатыр. Себебі, көрермендерден сұраныс бар. Кері байланыс бар. Бүгінгі осы шарада үлкен нәтижелі жұмыстар, осындай қолдау арқылы қоғамдағы індетті жоя аламыз деген сенімдеміз.
Шара облыстық Полиция департаментінің қолдауымен өтті. Кездесуге ҚР ІІМ есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің төраға орынбасары Жандос Ақтаев қатысып, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Жандос Ақтаев, ҚР ІІМ есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы кеңесінің төраға орынбасары:
Біздің басты мақсатымыз – Шығыс Қазақстанда жастар арасында нашақорлықтың, құқықбұзушылықтардың алдын алу. Біздің істеп жатқан жұмысымыз да алдын алуға бағытталған. Осындай интерактивті және көркем тілмен түсіндіретін контентті көрсек ол жақсырақ болады деп ойлаймыз. Жастармен сөйлесуді біз тек ғана қатып қалған офис режимінінде емес, осындай қарапайым іспен де түсіндіру керекпіз деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткі қылмыстарының алдын алуға ықпал етеді.
Фатима Тілейханқызы