Аймақта тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару өзекті мәселеге айналды. Кейбір аумақтарда қоқыс апталап шығарылмай, қоқыс жәшігінің алаңдары антисанитариялық жағдайдың ошағына айналған. Осы мәселе төңірегінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы жиын өткізді. Кеңесте аймақ басшысы қоқыс алаңдарын тазартуды қамтамасыз етпеген тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Қоқыс үйінділері көп шоғырланған аумақтар Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай, Зайсан, Шемонаиха аудандарында анықталған. Тұрғындар толып кеткен қоқыс контейнерлерінің фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жиі жариялайды. Кейбір аулаларда тұрмыстық қалдықтар наурыз айының басынан бері шығарылмаған. Мамандардың айтуынша, бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі – контейнер санының жеткіліксіздігі.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қала, аудан әкімдеріне 1 апта ішінде заңсыз қоқыс үйінділері мен проблемалық учаскелерге толық ревизия жүргізіңіздер. Анықталған барлық үйінділер толық жойылуы тиіс.... жол бермеуіміз керек.
Тағы бір айта кететін мәселе – тұрғындардың едәуір бөлігі тіркеуде тұрмайды. Бұл қоқыс шығару жүйесін жоспарлау кезінде ескерілмей, жүйеге қосымша жүктеме түсіруде. Осыған байланысты билік өкілдері нормативтерді қайта қарап, контейнер санын арттыруды және қоқыс шығару бойынша келісімшарттардың жасалуын қатаң бақылауға алуды жоспарлап отыр. Нұрымбет Сақтағанов халық арасында қалдықтарды басқару ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қоқыс шығару қызметін көрсететін компаниялармен келісімшарт жасауды толық қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, тіркеусіз тұрған азаматтарға қатысты бақылауды күшейтіп, бұл жұмысқа полиция қызметкерлерін тарту керектігін атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қайталанған фактілер бойынша талдау жүргізіп, қажет болған жайғдайда мердігерлермен шарттарды бұзыңыздар.... ешқандай сылтау қабылданбайды, тәртіпті орнату керек.
Қоқыстың уақытылы шығарылмауы денсаулық жағдайына да әсер етеді. Сондықтан жауапты мамандарға қысқа мерзім ішінде жағдайды ретке келтіріп, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу тапсырылды.
Фатима Тілейханқызы