Өскеменде Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері бірлесіп тұрғын үй ауаларындағы көлік тұрақтарын тексерді. Мақсат –ретсіз қойылған көліктің санын азайту және олардың құтқару қызметінің қозғалысына кедергі келтіретінін анықтау.
Тұрғын үйлердің аулаларында көліктердің ретсіз қойылуы өрт сөндірушілерге айтарлықтай кедергі келтіреді. Тар аулаға арнайы техника кіре алмай, өрт кезінде уақыт жоғалту қаупі күшейеді. Елдегі өрт қауіпсіздігі қағидасының 164-ші тармағына сәйкес, кіреберіс жолдар мен өрт гидранттарына апаратын өткелдер үнемі ашық болуы тиіс.
Тілек Манарұлы, ШҚО ТЖД өрт бақылау басқармасының аға инженері:
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында көліктердің ретсіз қойылуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындататын негізгі факторлардың бірі. Ол өз кезегінде автосатыларды орналастыруға, өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуіне кедергі келтіріп қаңа қоймай,өрт гидранттарына қолжетімділікті шектеп, тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, ғимараттар мен құрылыстарға апаратын жолдар, кіреберістер, сыртқы өрт сатылары және өртке қарсы су көздеріне баратын жолдар әрдайым жарамды күйде болуы керек. Олар өрт сөндіру техникасының еркін өтуіне қолжетімді болуы тиіс.
Рейд барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кейбір жағдайларда автокөліктердің подъезд маңына ұзақ уақыт бойы қойылып, арнайы техниканың еркін кіріп-шығуына кедергі келтіргені анықталған. Төтенше жағдай кезінде көлік иелері оны дер кезінде басқа орынға ауыстыруы тиіс. Ал көлік иесі анықталмаған жағдайда, автокөлік эвакуацияланып, жол қозғалысына кедергі жойылады дейді сала мамандары.
Мұрат Әділғожанов, Өскемен қ. ПБ ППБ взвод командирі:
ТЖД және патрульдік полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізілді. Жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында тыйым салынған орындарға, атап айтқанда жаяу жүргіншілер өткелдеріне көлік қою, жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтіру фактілері анықталды. Сол себепті тұрғындарға тоқтау және тұрақ қағидаларын еске саламыз. Бұндай құқық бұзушылықтар үшін 597-бапқа сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өзге қатысушыларға құрметпен қарауға шақырамыз.
ҚР ӘҚБтК-нің 597-ші бабы 3-ші бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, қозғалысқа кедергі келтірген көлік иесіне айыппұл салынады. Өңірде жыл басынан бері 270-тен астам жүргізуші осындай құқықбұзушылық үшін жауапқа тартылған.
Нұртас Қайролдаев