Өскеменде аймақтың мемлекеттік қызметшілері арасында XIX облыстық спартакиада жалауын көтерді. Спорттық доданың ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Өңір әкімі спартакиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Спартакиадада қалалық және аудандық әкімдіктерден, сот, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттерден жасақталған құрамалар бақ сынайды. Мемлекеттік қызметшілер бірнеше спорт түрі бойынша өзара кім мықтыны анықтайды. Үздіктер шілде айында Маңғыстауда өтетін республикалық сында облыс құрамасы сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алалды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Құрметті спартакиада қатысушылары! Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінгі таңда облыста бір жарым мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Онда 300 мыңнан астам жерлесіміз жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Осындай спорттық шараларды өткізу денсаулықты нығайтуға, ұжымдағы бірлік пен рухты дамытуға, мемлекеттік қызметшілер мен жалпы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
Спартакиада тек спорттық дода емес аудандар арасындағы бірлікті нығайтуға септігін тигізеді.
Ренат Курмамбаев, Алтай ауданының әкімі:
Мемлекеттік қызметшілер арасында өтіп жатқан спартакиаданы асыға күтеміз. Оқу-жаттығу жиынын өткізіп, додаға тыңғылықты дайындықпен келдік. Волейбол, футбол, теннисстен бөлек, қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерін насихаттау қарқынды жүріп жатыр.Бұл дода әріптестеріміздің арасында қолдау тауып үлгерді.
Болатбек Жаманбаев, ШҚО бойынша МКД Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы:
Мұнда бәсекелестік өте жоғары. Бірнеше жыл бойы чемпион атанып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген мықты командалар бар. Біздің құрама да осал емес. Үздіктер қатарынан көрінуге барымызды саламыз.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов спартакиада аясында өткен волейбол турниріне қатысты. Облыс әкімі аппаратының құрамасы жұмылдыру дайындығы басқармасымен кездесу өткізді. Тартысқа толы ойында өңір әкімі бастаған құрама есебімен жеңіске жетті. Волейбол турниріне 228 қатысушы тіркелген. Турнирлік кестеге сәйкес алдымен топтық кезең ойындары өтеді. Кейін финалдық кездесулер ұйымдастырылады.
Сая Жарасқызы