Күршім өзенін бұрынғы арнасына қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Су деңгейі күннен-күнге көтерілуде. Қазіргі уақытта тұрғындарға тікелей қауіп төніп тұрмаса да, жол қатынасының бұзылу қаупі бар, дейді мамандар. Төтенше жағдай орын алса, үш адам тұратын Теректібұлақ ауылына аудан орталығымен байланыс үзілуі мүмкін. Аймақтағы су тасқынының алдын алу шаралары туралы келесі бейнематериалда.
Күршім өзені Алтай тауларынан бастау алады. Көктем сайын тау мен қар суы қосылғанда өзен күркіреп ағып, арнасынан асады. Оның үстіне тамырымен опырылып, суға түскен ағаштар ағысқа кедергі болады, дейді мердігер Жақсыбай Ыдырышев.
Қазір мұнда маңызды жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – арнасынан ауытқыған Күршімді бұрып, ескі жолына салу.
Жақсыбай Ыдырышев, мердігер ұйымның жетекшісі:
Ұзындығы 700-800 метр. Тереңдігі 2 метр – 40 метр аралығында жалпақтықта қазып шықтық. Енді материал болғанда тоғайлар судан шыққан гравилер пайдаланамыз. Бурабай, Маралды тас жолын басып қалмас үшін судың бағытын өзгертіп жатырмыз.
Бұл аудан үшін стратегиялық маңызы бар жол. Ол бірнеше елдімекенді байланыстырады. Өткен жылы су деңгейі осы бағытқа жақындап, қауіп төндірген еді. Аталмыш жағдайды болдырмау мақсатында, су тасқынынан қорғау шаралары күшейтілді.
Талғат Бақтияров, Абай ауылдық округінің әкімі:
Қазіргі таңда бізде өлшеуіш бар. 35 см көрсетіп жатыр, ең қауіпті маң. 1 метрден асып кетсе ол қауіпті жағдай. Оған апармас үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, өте опасный деген участок барлығын жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Бұл жұмысқа қордан 24 млн. теңге бөлінді. Су деңгейі күн сайын көтеріліп жатыр. Дегенмен, жергілікті тұрғындар жағдайды үнемі бақылап отыр. Мердігерлер жеделдетілген режимде жұмыс істеуде.
Әлихан Смағұлов, Теректібұлақ ауылының тұрғыны:
Бұл енді өте қауіпті. Енді мынаны дер кезінде істеп жатқан жұмыс деп ойлаймын. Өйткені тас жол Күршім Теректібұлақ ауылын жалғайтын жалғыз жол. 15 км. Бұл жолды шайып кетсе басқа ауылға баратын балама жол жоқ.
Жалпы өңірде 71 қауіпті аумақ бар. Ал өңірдің үштен бір бөлігі әлі де қар астында.
Гүлдана Айдарқызы