Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан марапаттады. Салтанатты шарада мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік қызмет және бизнес саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.
Салтанатты жиында өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған қауымды құттықтап, олардың адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі облыстың қарқынды дамуына зор серпін беріп отырғанын атап өтті. Аймақ басшысы әр салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтардың жетістігі - тұтас өңірдің жетістігі екенін тілге тиек етіп, олардың еңбегі елдің әлеуметтік-экономикалық өсімімен қатар рухани дамуына да ықпал етіп отырғанын жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Сіздердің әрқайсыларыңыз туралы жеке жеке көп нәрсе айтуға болады. Өздеріңіз өз істеріңізге адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлкен үлгісін көрсеттіңіздер. Көп жылдық еңбектің табандылықтың кемелділіктің ұмтылыстың нәтижесі деп білеміз.
Жиында қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков «Парасат» орденімен марапатталды. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі ретінде танылған.
Түсіпхан Түсіпбеков, қоғам қайраткері:
Бұл марапат деген еңбектің бағаланғанын сезінетін күн. Еңбегімнің бағаланғаны разы болып тұрмын.
Ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен мемлекеттік басқару ісіне қосқан үлесі үшін Зайсан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Зумрад Дүйсенбаева, Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Бір жағынан өзіме тосын болды. Екінші жағынан еліміз үшін 40 жыл еңбек еттім. Аянбай қызмет еттік деп айта аламын.
Дәл осы «Ерен еңбегі үшін» медалін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов, облыстық ішкі саясат басқармасының әкімшілік-қаржылық бөлімінің бас маманы Шалқар Асылханова, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Елена Старенкова, облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Қарлығаш Қасымова және Алтай аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Инна Коломиец иеленді.
Бекарыс Секен