Облыста жүзу спорты қарқынды дамып келеді. Жыл өткен сайын су спортына қызығушылық танытқан жастар саны артуда. Аз уақытта жеткен жетістіктері де аз емес. Өңірдің жас өрендері халықаралық ареналарда биік белестерден көрініп жүр.
Өңірдің жас спортшылары алдымен Ақтөбеде өткен «Көңілді дельфин» атты республикалық турнирде жеңіске жеткен. Кейін Мәскеуде өткен бүкілресейлік жарыста бақ сынады. Бұл додаға Ресейден бөлек ТМД елдерінен 900-ден астам спортшы қатысты.
Кирилл Ольхов, ШҚО бойынша жүзуден аға жаттықтырушы:
Бұл додаға дайындықты қыркүйек айынан бастадық. Оқу-жаттығу жиыны облыс орталығында өтті.Бұдан бөлек Риддерде болдық.Алдымен Республикалық турнирде өнер көрсеттік. Кейін Мәскеудегі турнирге аттандық. Сол додада спортшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жарыстағы бәсекелестік жоғары болғанына қарамастан, аймақтан аттанған бес спортшы жүлдемен оралды. Соның бірі - Камил Синяков. Ол екі алтын, екі күміс, бір қола медаль еншіледі.
Камил Синяков, спортшы:
Жеңіске жетуіме себепкер болған жаттықтырушыма алғысым шексіз.Ата-анамның қолдауы маған күш берді. Кез келген кәсіби спортшының арманы – Олимпиада чемпионы атану. Болашақта дүбірлі додаларда ел намысын қорғағым келеді.
Глеб Саханов, спортшы:
Өз нәтижеме көңілім толады. Мен бір алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алдым. Біз көп еңбектеніп, жаттығуларды барынша тиянақты жүргіздік. Физикалық дайындығымызды да күшейттік. Алдағы уақытта ұлттық құрама сапында өнер көрсеткім келеді.
Кира Багаль, спортшы:
Мен бес алтын және бір күміс медаль еншіледім. Сайыстың ұйымдастырылу деңгейі жоғары.Жоғары нәтижеге жету үшін тынымсыз еңбек етіп, жаттығудан қалыс қалмадым. Мен бұл спорт түрімен 8 жылдан бері айналысып келемін.
Қазіргі таңда жас спортшылар Астанада өтетін ел чемпионатына дайындықты бастап кетті. Бұл додадан соң жас өрендер Талдықорғанға аттанбақ.
Сая Жарасқызы