Аймақта еңбек қатынастарын реттеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бақылау күшейді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің шығыстағы департаменті жыл басынан бері бірқатар тексеру жүргізіп, заң талаптарының сақталуына талдау жасаған.

2026 жылдың бірінші тоқсанында департаментке 588 өтініш түскен. Оның басым бөлігі еңбек қатынастарына қатысты. Жыл басынан бері 83 тексеру жүргізіліп, 106 бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 49 ұйғарым шығарылып, заң бұзған 18 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 2,9 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген. Мамандардың айтуынша, бақылау шаралары бекітілген заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қайрат Әбілқайыров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістік жарақаттану деңгейі 12 пайызға, ал өліммен аяқталған жағдайлар 66 пайызға төмендеген. Зардап шеккендердің басым бөлігі тау-кен металлургия саласында — 6 адам, бюджет саласында 5, құрылыс саласында 3, ауыл шаруашылығында 1, шағын бизнесте 1 және өзге салаларда 5 адам тіркелген. Аудандар бойынша ең көп оқиға Өскемен, Риддер, Алтай қалаларында, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан және Самар аудандарында тіркелген. Аталған оқиғалар бойынша 24 тергеу жүргізіліп, 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 1 қызметкер жұмыстан шеттетілді.

Мамандар өңірдегі өндірістік жарақаттану көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендегенімен, оқыс оқиғалар әлі де тіркеліп жатқандығын айтады. Есепті кезеңде 21 жазатайым оқиға орын алып, 21 адам зардап шеккен. Оның ішінде 1 адам қаза тапқан. Жарақаттардың басым бөлігі тау-кен металлургия, құрылыс салаларында тіркелген.

Қайрат Әбілқайыров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

2026 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша өңірде жалақы бойынша берешек 3 ұйымда тіркелген. Қарыздың жалпы көлемі 11 миллион теңге. Сәуір айының қорытындысы бойынша еңбек тәуекелдері картасына 3897 кәсіпорын енгізілді. Оның ішінде 44 кәсіпорын жоғары тәуекел аймағына, 83 кәсіпорын орта, 3770 кәсіпорын тәуекел аймағынан тыс деп танылды. Жоғары тәуекел аймағындағы кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік кірістер департаментіне тиісті хаттар жолданып, тексеру шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 42 кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылды.

Ал еңбек шарттарымен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. 699 ұжымдық шарт цифрлық форматқа көшірілді.

Нұртас Қайролдаев