Өскеменде мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзіреттіліктерін арттыруға арналған семинар өтті. Шарада қазақ және ағылшын тілдерін меңгерудің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Басқосу «Адал азамат» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Семинардың мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, халықаралық байланыстарда ағылшын тілін тиімді қолдану дағдыларын дамыту.

Рауан Сләмхан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

Бүгін департамент Облыстық Мәдениет басқармасымен бірге, лингвистикалық орталықпен бірге, Мемлекеттік басқару Академиясының филиалымен бірлесіп мемлекеттік қызметшілердің тілдік дағдыларын жоғарылату үшін облыстық семинар ұйымдастыруда.

Жиын барысында қатысушыларға ресми құжаттарды қазақ тілінде сауатты әзірлеу, іскерлік коммуникация жүргізу, ағылшын тілінде кәсіби терминдерді қолдану жолдары түсіндірілді. Тәжірибелік бөлімде қатысушылар түрлі тапсырмалар орындап, тілдік дағдыларын жетілдірді.

Әсемгүл Абзалова, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры:

Қазіргі уақытта біздің орталықта облыс департаментінің басқармалары 277 қызметкерлері тілдерді оқыту курстарына белсенді қатысуда. Бүгінгі семинарда біз кәсіби тілдік дағдыларды дамыту жолдарын, іс-қағаздарын сауатты жүргізуді, халықаралық коммуникация мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.

Мамандардың айтуынша, екі тілді еркін меңгеру мемлекеттік қызмет сапасын арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға жол ашады.

Аяулым Усинова