Зайсан ауданының Қуаныш ауылы тағылымды тарихымен ерекше. Себебі, 1904 жылы қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы осы ауылда алғаш болып мектеп ашқан. Бұл білім ордасы сол кезеңде жергілікті халықтың сауатын ашуға серпін берген.

Иә, қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы, Қуаныш ауылында алғаш болып мектеп ашылуына мұрындық болған. Бұл Зайсан ауданындағы тұңғыш білім ордаларының бірі. Бүгінде Айтмұханбет Орманбетов атындағы мектепте ұлт қайраткерінің есімі ұлықталып, арнайы сынып ашылған.

Руслан Қалиақбаров, А. Орманбетов атындағы орта мектебінің директоры:

Бұл мектептің ашуға үлкен үлесі қосқан Міржақып Дулатов атамыз. Бекмұханбет Сатыбалдыұлы атамызбен екеуі бірлесе осы мектепті ашуға үлкен үлес қосқан. Бұл мектебіміздің тарихындығы мұндай жайттар бізге үлкен мақтаныш сол мақтанышты жоғары дәрежеде ұстаймыз.

Ауыл ақсақалдары да өткеннің өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуді басты міндеті санайды.

Түсіпхан Абдрахманов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Қаншама адамдар осы жерден өсіп өнді, зиялы қауымдар осы жерден өсіп өнді. Өзімнің де әке шешем осы жерде оқыды. Жалпы, Қуаныш ауылы тарихы тереңде жатқан ауыл. Бұл аудан бойынша ең бірінші партия бөлімі осында құрылған.

Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі де қарқынды. Бірлігі бекем елдің жастары ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.

Риза Рақымбекқызы, ауыл тұрғыны:

Ауылдың балалары да ұйымшыл. Ауылына қажетті не жетіспейді соны істеп береді. Енді бәрі жақсы жаман деп айтпаймыз. Осы жерде туыс өстім. Қазір 64 те жасым. Осында тұрып жатырмын. Өзі берекелі, бірлігі жарасқан сондай жақсы ауыл.

Өткенін ұмытпаған, тарихын қастерлеген ауыл тұрғындары үшін ең басты құндылық - ынтымақ пен бірлік. Ағайынды осы ақжарма күннен айырмасын.

Бекарыс Секен