Өскеменде мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына арналған «Пирамидаға жол жоқ!» атты акция өтті. Шараға 200-ден астам педагог қатысып, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпарат алды.

Кездесу барысында мамандар қаржылық пирамидалардың негізгі белгілерін түсіндіріп, алаяқтықтың кең тараған түрлеріне тоқталды. Сонымен қатар қаржылық ұйымдардың заңдылығын тексеру, күмәнді ұсыныстар мен әрекеттерден сақтану жолдарын меңгерді.

Жандос Мұзтауов, ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:

Заң мен тәртіп аясында қала әкімдігімен облыс прокуратурасымен бірлесіп ауқымды шара өткізіп жатырмыз. Шараның мақсаты педегогтердің мұғалімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру.

Басқосуға жиналғандар мұндай шаралардың өзекті екенін айтады. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, онлайн қызметтердің кең таралуы алаяқтыққа тап болу қаупін арттырып отыр. Педагогтердің айтуынша, мұндай шаралар заманауи қаржылық жағдайларды түсінуге ғана емес, сонымен қатар білімді оқушыларға жеткізуге де көмектеседі.

Ольга Чиркина, №10 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Бүгінде көптеген адамдар алаяқтардың құрбанына айналуда. Алаяқтар азаматтарды алдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануда әрі олар үнемі жаңарып келеді. Олар жасанды интеллекті тәрізді заманауи технологияларды пайдаланады. Сондықтан алаяқтықтың құрбаны болу өте оңай. Ал одан сақтануды үйрену үшін мұндай ақпарат өте пайдалы.

Бүгінде цифрлық қауіпсіздік күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн-қызметтердің, мобильді қосымшалардың және қолма-қол төлемдердің дамуына байланысты көптеген үдерістер цифрлық ортаға көшіп жатыр.

Болатбек Мамарбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Қазіргі заман цифрлық орта. Әрбіріміздің білімімізге қарай болашағымызға тікелей әсер ететін маңызды факторға айналып отыр. Сондықтан технологияны жауапкершілікпен пайдалану қауіп-қатерді дер кезінде тану – әр азаматтың басты міндеті.

Қаржылық сауаттылықты арттыру алаяқтықпен күрестің негізі. Осылайша, арнайы оқудан өткен педагогтер алған білімдерін мектеп оқушылары мен студенттерге жеткізіп, өскелең ұрпақтың қаржымен қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыра алады.

Аяулым Усинова