Зайсан ауданының Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде облыстық «ALTAI» телеарнасының қызметкерлері оқушыларға шеберлік сағатын өткізді. Кездесу барысында жас өрендер журналистиканың қыр-сырымен танысып, ақпарат жинау мен сұхбат алудың негізгі тәсілдерін меңгерді.

Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте мыңнан астам оқушы білім алып, жүзге жуық ұстаз қызмет атқарады. Білім ордасы ауданның үздік мектептерінің бірі саналады. Оқушылардың заман талабына сай сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

Бақытгүл Сапарғалиева, М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры:

Бұл мектепке 2023-2024 жылы ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту жобасы бойынша жабдықтар келген. Сол бойынша бізде қосымша кабинеттер ашылған. Соның бірі телестудия кабинеті. Телестудия кабинеті қазіргі күнде жұмысын істеп тұр. Бұл жерде жетекші ретінде тіл мұғалімдері сол жерде жұмыстарын атқарып жатыр.

Мектепке арнайы келген «ALTAI» телеарнасының журналисі Бекарыс Секен, телеоператоры Жақсылық Серікбек және көлік жүргізушісі Мейрамбек Тоқмолдинов оқушыларға шеберлік сағатын өткізді. Кездесу барысында телеарнадағы сюжеттердің дайындалу процесі, мәтін жазу тәртібі, монтаж жасау және тікелей эфирдің ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Оқушылар белсенді қатысып, қызықтырған сұрақтарын қойды.

Кәусар Асыланбекқызы, мектеп оқушысы:

Осы телестудия арқылы балалар өздерінің сөзін еркін айта алады. Өзін камера алдын да еркін ұстай алады деген оймен осы телестудияның ашылғанына қуаныштымын.

Жас шәкірттердің арасында журналистика саласын таңдап, болашақта осы бағытта білім алғысы келетіндері де бар.

Дария Нұрасыл, мектеп оқушысы:

Мен бала кезімнен журналистика мамандығына қызыға бастадым. Телевизорлардан көбінесе жаңалықтарды, журналисттердің қалай сөйлейтіне қарап үйрене бастадым.

Медиасыныпта оқушалар жас ерекшеліктеріне қарай түрлі бағытта өз қабілеттерін шыңдайды.

Шырайлым Рахимова, Ағылшын тілі пәні мұғалімі:

Біз үш бағытта жұмыс істейміз. Бастауыш сынып оқушылары балапан арнасы бағытында, яғни олардың түрлі жетістіктері, қызығушылықтары бойынша сұхбаттар алынады, өйткені өте қатты қызығады. Орта буынмен біз информбюро бағытында жұмыс істейміз. Мектептегі жетістіктерді оқушылар жаңалық ретінде түсіреді. Оған 5-8 сынып оқушыларын тартамыз. Ал 9-11 сыныптармен ардергерлер, үздік ұстаз оқушылармен, подкаст бағытында сұхбаттар жүргіземіз.

Мұндай шеберлік сағаттары оқушылардың медиаға қызығушылығын арттырып, шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына ықпал етеді.

Бекарыс Секен