Өскемендегі Жастар ресурстық орталығында «Құқықтық мәдениет – жастар таңдауы» атты кездесу ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – қазіргі қоғамда өзекті мәселеге айналған киберқылмыс пен нашақорлықтың алдын алу, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастыру.

Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары және қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Кездесу барысында мамандар жастарға киберқылмыстың түрлері, интернет алаяқтықтың алдын алу жолдары, сондай-ақ есірткіге тәуелділіктің зияны туралы кеңінен түсіндірді.

Аяжан Ержанқызы, Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:

Іс-шарның басты мақсаты жастардың құқықтық сауаттылығы болып табылады. Заң мен тәртіп иделогиясы негізінде, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылардың профилактикалық шарасы болып табылады. Қазіргі кезде бізде оларға басты бағыттар түсіндірілген болатын ол бізде есірткі қылмыстары, алаяқтық қылмыстары және әкімшіліктік құқықбұзушылықтары болып табылады.

Сонымен қатар, шара аясында тақырыпқа сай арнайы бейнематериалдар көрсетіліп, түрлі өмірлік жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жөнінде нақты мысалдар ұсынылды. Қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, білікті мамандардан тұшымды жауап алды. Ашық форматта өткен диалог жастардың құқықтық сауатын арттыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға шақырды.

Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПБ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

Бүгінгі таңда жастар орталығы мен бірлесе отырып Өскемен қаласының 17 колледжнан таңдалған ең озат студенттер мен бірге Заң мен тәртіп концепциясы аясында диалог өткізілді. Диалог барысында ең өзекті тақырыптар қозғалды, олар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу оның ішінде кибералаяқтық пен нашақорлыққа қарсы тақырыптар таңдалды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың саналы таңдау жасауына және құқық бұзушылықтың алдын алуға өз септігін тигізбек.

Нұрдәулет Қалибеков