Борис Александров атындағы спорт сарайында хоккейден әуесқолар арасындағы «EAST CUP» чемпионатының жүлдегерлері марапатталды. Бұл додаға қатысушылар саны жылдан жылға артып келеді. Мұз айдынындағы сайыс әуесқойлар арасында өтетін елдегі алғашқы ресми додалардың бірі.
Турнир Борис Александровтың алғашқы жаттықтырушысы — Юрий Павловичьке арналды. Бұл жолғы чемпионатқа 7 әуесқойлар құрамасы қатысты.
Тимур Оспанов, ұйымдастыру комитетінің жетекшісі:
Бұл жаңа формат. Өткен жылы алғашқы маусым шымылдығын ашты. Біріншілік игі дәстүрге сай 13 қараша Борис Александровтың туған күніне бастау алады. 2024–2025 жылдары алғашқы маусым өтті. Өткен жылы 6 команда болса, биыл 7 команда арасында тартысқа толы кездесулер өтті.Командалар сапында кәсіби спортшылар да бар.
Жоғары дайындықпен келген «Глубокое – Иртыш» командасы бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынға «Вираж» командасы табан тіреді. Ал, үздік үштікті «BERKUT» командасы түйіндеді.
Руслан Асанов, «Глубокое-Иртыш» командасының капитаны:
Біздің командамызда 15 ойыншы бар. Жігіттер ұйымшыл. Биыл біз бұл турнирге алғаш рет қатысып, кіші-хоккей форматында өнер көрсеттік. Нәтижесінде бірінші орынды иелендік. Жеңіс үшін барын салған жігіттерге алғыс білдіремін.
Облыс орталығында елде баламасы жоқ кіші мұз айдынының болуы дәл осы матчты өткізуге таптырмас мүмкіндік болды.
Ерлан Нұрғазин, «Дәулет» командасының капитаны:
Біздің маусым нәтижелі өтті. Командамызда 9 ойыншы бар, қақпашымен бірге 10 адам. Турнир қызықты өтті. Әрине өз қиындықтары да болды. Жеңіске жете алмадық, бірақ жалпы алғанда сәтті өтті деп айтуға болады.
Жаңа форматтағы дода қалың көпшіліктің бұл спорт түріне деген қызығушылығын арттырды. Бұдан бөлек, біріншілікке қатысып, бақ сынауға ниет еткен құрамалар санын ұлғайту да жоспарланып отыр.
Сая Жарасқызы