Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында туризм саласындағы заманауи үрдістер мен инновациялық шешімдерді талқылауға арналған IV Халықаралық туризм олимпиадасы өтті. Білім додасының мақсаты – студенттердің кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу және туризм саласында жаңа идеяларды дамыту.

Ауқымды білім додасына Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай және Моңғолиядан келген студенттер қатысты. Қатысушылар туризм саласында қажетті заманауи бағыттар мен тың жобаларын ұсынып, ғылыми ізденіс пен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Олимпиада жас өрендердің кәсіби дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.

Ғайни Қойшынова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының профессоры:

Туризм олимпиядасына келген студенттеріміздің көбі шет елден келген студенттер. ҚХР, Тәжікстан, Маңғолия, Армения елдерінен келген студенттер өздерінің жобаларын ұсынуда. Алдын ала әділ қазылар алқасы жобаларын да қарап өтті. Осы жасанды интелект туризмді Қазақстан бойынша қаншалықты тиімді пайдалана дамыта аламыз соған ерекше тоқталып жатыр студенттер. Студенттердің ойлары мен өрістері өте кең. Соны дәлелдеп осы жобалары арқылы айтып жатыр.

Байқаудың әділ өтуін туризм индустриясының тәжірибелі мамандарынан құралған қазылар алқасы қамтамасыз етті. Олардың қатарында Швейцариядағы туризм амбассадоры, халықаралық жобалардың авторы-Ати Тосун және Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының вице-президенті Алмас Сетербаев та бар. Мамандардың айтуынша, мұндай халықаралық алаңдар студенттердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, туризм саласының дамуына серпін береді.

Алмас Сетербаев, Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығының вице-президенті:

Жастар туризм бағытында да, ИИ арқылы қалай өз елін және туризм бағытын дамытуға болатындығын айтып, ойын бөлісіп, сайысқа түсіп ойларымен бөлісіп жатыр әр ел. Соны көруге келіп отырмыз. Айта кетейік Әзірбайжан, Маңғолияның студенттері бар. Солармен біздің жастардың теңдігін, білімін деген оймен. Олардың ой өрісі қалай болып жатыр соны көруге келіп отырмын.

Студенттердің айтуынша, олимпиада олардың кәсіби шеберлігін арттырып, халықаралық деңгейде пікір алмасуға мүмкіндік береді. Олар шет елдерден келген құрамалармен тәжірибе алмасып, туризм саласындағы жаңа бағыттар мен инновациялық жобалар туралы білімдерін жетілдіргенін айтады.

Сюй Ижань, студент:

Сәлеметсіздер ме,Менің атым — Сюй Ижань. Мен Қытайдағы Шаньдун сыртқы сауда кәсіби колледжінен келіп, Қазақстандағы Сәрсен Аманжолов университетінде білім алмасу бағдарламасы аясында оқып жүрмін. Біздің команданың аты "НОМАДТАР". Мен IV Олимпиадаға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Біздің жобамыздың негізгі мазмұны — Қытайдағы «Doubao» атты жасанды интеллект бағдарламасына арналған. Бұл жобамыз болашақта туризмді дамытуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

Ксения Троеглазова, студент:

Мен халықаралық олимпиадада жасанды интеллекттің туризм саласында, соның ішінде ат спорты бағытындағы мүмкіндіктерін таныстырдым. Бұл-ат туризмі, ат спорты және иппотерапияны қамтиды. Жасанды интеллект маршруттарды жоспарлап, ауа райы мен жер бедерін ескеріп, тиімді бағыт ұсына алады. Сонымен қатар, жылқылардың денсаулығын бақылап, ауруларды ерте анықтауға көмектеседі. Одан бөлек, қолданушылар ат мектептерін таңдап, қызметтерді салыстырып, өзіне қолайлы нұсқаны оңай таба алады. Жалпы, бұл технология ат спортының дамуына жаңа серпін береді.

Шара соңында үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық деңгейдегі білім додалары алдағы уақытта да жалғасын тауып, туризм саласындағы бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға септігін тигізеді.

Нұртас Қайролдаев