Облыс орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен қала тұрғындары белсене қатысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Қала аумағындағы бірқатар ескерткіштер маңы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Аймақта «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер тұрақты түрде өтуде. Әр сенбі сайын азаматтар көшелер мен аулаларды тазалап, қоқыс жинауда. Бұл жолғы тазалықтың маңызы тіптен ерекше. Себебі, шара Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнімен тұспа-тұс келді. Қалалық және облыстық әкімдік аппараттарының мамандары орталық алаңға жиналып, Абай Құнанбаевтың ескерткішін және оның маңына тазарту жұмыстарын жүргізді.

Самал Сақпанова, Облыс әкімі аппаратының құқық қорғау жұмысы жөніндегі маманы:

Облыс әкімдігінің қызметкерлері сенбілікке шықты. Абай атамыз айтпақшы Бірің дұшпан, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос деген өсиетті қолға ала отырып Абай атамыз халықты татулыққа бірлікке шақырған. Осы татулықпен бірлікпен, біз қызметкерлер ескерткішті тазалап жатырмыз.

Шараның мақсаты - қаланы қоқыстан тазарту ғана емес, ұжымдық ауызбіршілікті нығайтып, тарихи мұраға құрмет көрсету.

Ажар Каджибекова, Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Біз осы ескерткіштерді жуып тазалап жатырмыз. Бұл ескерткіштер өте маңызды. Біздің мемлекетті қорғаған азаматтартарға арналған ескерткіштері. Бұл да өте маңызды. Біздің басқарма белсенді қосылып жатыр акцияға. Кеше қар жауған, бүгін міне ескерткіштерді жудық. Келесі аптада ағаш егіп, тағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады. Әр апта сайын бекітілген жоспарға сәйкес, қаладағы қоғамдық орындар ретке келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.

Бекарыс Секен