Биыл Шығыс Қазақстан облысында елді мекендерді абаттандыруға 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Қаражат жүзге жуық жобаны жүзеге асыруға бағытталады. Оның ішінде қоғамдық орындарды жөндеу, санитарлық жағдайды жақсарту және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары бар.Қазір қосымша жобалар тізімі де жасақталып жатыр. Әкімдіктер тұрғындардың сұранысына сай басым бағыттар мен қаржыландыру көлемін нақтылауда. Бұл туралы баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек мәлімдеді.
Негізгі бағыттардың бірі — тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау. Өңірде көпқабатты үйлердің 35 пайызы, 3 716 үйдің 1 184-і басқарудың жаңа форматына көшкен. «Бір үй – бір шот» қағидаты енгізілді. Бұл тұрғындар қаржысының ашық жұмсалуын қамтамасыз етіп, қаражатты нақты сол үйдің қажеттілігіне бағыттауға мүмкіндік береді. Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — тозығы жеткен жедел сатылар. Қазіргі таңда облыста 1 870 жедел саты бар, оның 258-і ауыстыруды қажет етеді. Олардың басым бөлігі Өскеменде орналасқан. Жедел сатыларды жаңарту жұмыстары 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Рауан Тұрысбек, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Облыс бойынша шамамен 1 870 жедел саты бар. Соның ішінде Өскемен қаласында — 790. Тек тұрғын үйлердегі емес, әлеуметтік нысандардағы, яғни ауруханалар мен мектептердегі жедел сатылар да бар.Бұл мәселе облыс әкімі мен оның орынбасарының жеке қабылдауларында бірнеше рет айтылды. Өскемен қаласы бойынша шамамен 260 жедел саты 25 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оларға жөндеу жүргізу немесе толық ауыстыру қажет.
Абаттандыру саласындағы бақылау да күшейтілуде. 2025 жылы шамамен 9 мың құқықбұзушылық анықталып, 36 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Ауқымды жұмыстар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Өткен жылы экологиялық акцияларға 150 мыңнан астам адам қатысып, 4 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 1,5 мың гектардан астам аумақ тазартылды. Халықпен кері байланыс @TazaQazBot платформасы арқылы жүзеге асады. Оның көмегімен тұрғындардың абаттандыру мәселелері бойынша өтініштері қабылданып, өңделеді. Баспасөз конференциясында алдағы айларға жоспарланған ірі абаттандыру жобалары да таныстырылды.
Рауан Тұрысбек, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Ауқымды жобалардың бірі — жуырда Өскемен қаласының әкімі атап өткендей, «Стрелка» ауданында жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жұмыстары. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш экопарк салу жоспарланып отыр.Мәселен, Базовая көшесі маңында, Березовая роща аумағына жақын жерде жаңа экопарк пайда болады.
Экопарктерді құру жұмыстары Глубокое және Ұлан аудандарында да жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл өңірде тағы 111 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызу көзделген.
Аяулым Усинова