Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде еркін күрестен Уалихан Можербаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды. Дәстүрлі жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 2009-2011 жылы туған 130-дан астам жас палуан қатысуда. Олар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде өзара мықтыны анықтайды.

Уалихан Можербаев - қазақ спортының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол Мәскеу қаласындағы Дене шынықтыру институтын тәмамдап, спорт шебері атанған. Ұзақ жылдар бойы жаттықтырушы, әрі бапкер ретінде көптеген дарынды спортшыларды тәрбиелеп шығарған. Оның шәкірттері бүгінде ел спортының өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.

Анар Үсенова, У. Можербаевтың қызы:

4 жыл бұрын Саратовкада еркін күрестер ағамыз Омаров Серік бізге бауырым екеумізге келіп осындай турнирді өткізссек. Ағаны еске алу осындай үлкен шара болса деп ұсыныс берген. Содан бастап 1 ші турниріміз аудандық дейгейді өтті. Екінші жылы облыстық, бүгінші күнде Республикалық деңгейде осындай турнир өтіп жатыр.

Турнирдің мақсаты жасөспірімдер арасында еркін күресті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және қазақ спортына еңбегі сіңген тұлғаның есімін ұлықтау.

Марат Мұзапаров, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясының президенті:

Турнирдің деңгейі өсуде. Бұдан кейін біздің спортшылар ертеңні күні үлкен жарыстарда жеңіске жетеді деп сенемін. Барлық мүмкіндік жасалып жатыр.

Жарыста 10 команда бақ сынауда. Абай облысы, Өскемен қаласы, Алтай, Глубокое, Зайсан, Марқакөл, Тарбағатай, Үлкен Нарын, Шемонаиха және Ұлан аудандары.

Бекарыс Секен