Теміржолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Өскемен 1 станциясында «Теміржолда өзіңді сақта» акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында тәртіп сақшылары оқушыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.

Жыл басынан бері теміржол аумағында екі ересек адамның жарақаттану дерегі тіркелген. Осы оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында Өскемен-1 станциясындағы көліктегі полиция бөлімі, қызмет көрсету аумағында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында профилактикалық шара өткізді.

Дәурен Хамзин, Көліктегі полиция департаментінің Өскемен 1 станциясындағы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы:

Акцияның басты мақсаты теміржолда жазатайым оқиғалардың алдын алу. Адамдарға теміржол қауіпті аймақ екендігін түсіндіріп және де жаднамалар таратамыз. Көп жағдайда оқыс оқиға орын алу себебі ол азаматтардың теміржолда жүріп-тұру ережелерін сақтамауы. Яғни, ұялы телефон қолданылуы, құлаққаптар арқылы естімеу, сөйтіп оқыс жағдай болады.

Полиция қызметкерлері оқушыларға арнайы белгіленген орындардан ғана өту, жақындап келе жатқан пойыздың алдынан жүгіріп өтпеу сияқты маңызды талаптармен жан-жақты таныстырды.

Дильназ Дәулетханова, мектеп оқушысы:

Біздің түсінгеніміз теміржол қауіпсіздігін сақтау өте маңызды. Оның ережелерін сақтау керек. Жолдан өткен кезде ұялы телефонға назар аудармай және құлаққаппен өтуге болмайды. Себебі қауіпсіздік ережелерін сақтаған өзімізге жақсы болады. Өз денсаулығымызды ойлауымыз керекпіз.

Оқушыларға бас-көз болып келген Әсем Тохтарованың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Әсем Тохтарова, №22 орта мектебінің кәсіптік бағдар беру маманы:

Өскемен-1 полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Бір жыл бойы бізге түсіндірме жұмыстарын, іс тәжірибе түрінде көрсетіп тұрады.

Теміржол маңы қауіпті аумақ болғандықтан, мұндай шаралардың маңызы зор. Сондықтан алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Бекарыс Секен