Шемонаиха ауданында толық жетекті автокөліктер арасында «RFC Spring Challenge» атты ашық өңірлік жарыс өтті. Турнирге Қазақстанның әр қалалары мен аудандарынан келген әуесқойлар қатысты. Олардың қатарында тәжірибелі қатысушылар мен бұл спортты енді бастаған жол талғамайтын көлік иелері бар.
Шемонаиха ауданында спорттық туризм қарқынды дамып келеді. Бұл жолы мұнда толық жетекті автокөліктер арасында «RFC Spring Challenge» атты ашық жарыс өтті. Жарыс трассасы табиғи кедергілерден тұратын бірнеше арнайы учаскені қамтыды — терең орлар, тік өрлер, батпақты лайлы жерлер және су кедергілері болды. Қатысушылар тек техниканың мүмкіндіктерін көрсетіп қана қоймай, қашықтықты тиімді өту үшін дұрыс тактика құра білулері қажет.
Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:
Мұндай ауқымды жарысты алғаш рет өткізіп отырмыз. Қатысушылардың географиясын кеңейттік. «Spring Challenge» жарысына Астана, Семей, Өскемен қалаларынан экипаждар келді, сондай-ақ аудандық командалар да қатысуда. Алдағы жылдары қатысушылар санын арта түсері анық.
Бұл жарыста нәтижеге жету үшін автокөліктің қуаты мен дайындығы ғана емес, жүргізушінің шеберлігі, көлікті сезіне білуі және күрделі жағдайларда жылдам шешім қабылдай алу қабілеті де маңызды.
Валерий Моргунов, «Партизанский отряд» қауымдастығының ұйымдастырушысы:
Трасса ықшам, әр секцияның ұзындығы — 500 метр. Барлығы 3 секция. Әр көлікке бір секциядан өтуге шамамен 15 минут уақыт беріледі. Батпақ, ор, өзен, жыралар — бәрі стандартты кедергілер. Көліктің көлемі бойынша шектеулер бар: таспалар тартылған, олардың сыртына шығуға және таспаны үзуге болмайды. Жарыс жылдамдықтан гөрі ұқыптылыққа көбірек бағытталған.
Трассадағы жарыс тартысты өтті. Бір қате шешім қатысушыларға жарысты жалғастыру мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Қатысушылар күрделі учаскелерді еңсеріп, жүргізу техникасын, төзімділігін және командалық жұмыстың үйлесімділігін көрсетті.
Роман Солдатов, жарысқа қатысушы (Шемонаиха қ.):
Салқынқандылықты сақтау керек, жағдайды бақылауда ұстау қажет. Мұның бәрі уақыт өте келе, тәжірибемен келеді.
Қатысушылар R3 санатында - модификацияланған жол талғамайтын көліктер класында бақ сынады. Бұл санатта тек жүргізу шеберлігі ғана емес, сонымен қатар көліктердің техникалық дайындығы да шешуші рөл атқарады. Биылғы жарысқа Семей қаласынан келген атақты экипаж қатысты. Жүргізуші Ринат Жарасбаев, штурман Павел Бульба. Бұл команданың тәжірибесі мол. Түрлі деңгейдегі жолсыз жарыстарға бірнеше рет қатысқан.
Ринат Жарасбаев, жарысқа қатысушы (Семей қ.):
Көлік тәжірибе негізінде дайындалды. 2007 жылғы модель, қозғалтқыш көлемі 4,8 литр, автоматты беріліс қорабымен жабдықталған. Мұнда аспа жүйесі 4 дюймге лифттелген, яғни 10 см-ге көтерілген. 37 дюймдік балшыққа арналған доңғалақтар орнатылған. Сондай-ақ алдыңғы көпірді блоктайтын спорттық хабтар бар.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Шемонаиха қаласының командасы жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды Семей қаласынан келген құрамалар иеленді.
Салтанат Кеңесбекқызы