Кәсіпкерлер баға белгілеу саласындағы заңнаманы қаншалықты сақтап отыр? Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтеруге жол бере ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мен мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері қала базарларының бірінде жүргізген рейд барысында тексерді. Олар облыс орталығындағы ең ірі «Дина» көтерме базарына барып, кәсіпкерлермен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұл базардан өңірдегі жүздеген сауда нүктелері бөлшек сауда үшін көкөністер мен жемістерді сатып алады. Рейд аясында бейінді ведомстволардың мамандары базардың жұмысын тексерді. Тексеру барысында олар сауда үстемесінің шекті деңгейін сақтау, сондай-ақ сатылып жатқан өнімге қатысты барлық қажетті ілеспе құжаттардың болуын қарады.
Асхат Сағидолдин, ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
Біздің мақсатымыз бірінші кезекте кәсіпкерлерге заң талаптарын түсіндіру. Алдағы уақытта тек қана заң шеңберінде жұмыс істеу. Өздерінің кәсіпкерлік істерін адал әрі ашық түрде жүргізу. Сауда департаменті ішкі нарықтағыи бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету осы бағытта жұмыс істейміз. Биылғы жылы 1 январьдан бастап, әлеуметтік тауарлар тізбесі кеңейтілді. Оның ішінде алма, помидор, қияр енгізілген болатын. Бұларды заң талабы бойынша сатып алу бағасына 15 пайыздан артық үстемақы қосуға тыйым салынады. Егер мұндапй тәртіп бұзушылық болса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ бизнесті көлеңкелі сектордан шығару және кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Сауда саласына, оның ішінде қаланың ірі базарларына ерекше назар аударылуда.
Шыңғыс Сайрамқан, Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:
Ең алдымен — жеке кәсіпкер ретінде тіркелу. Адамдар көлеңкелі экономикада, жеке тұлға ретінде емес, ресми түрде жұмыс істеуі керек. Табыс ашық болуы тиіс. Екіншіден — фискалдық чектер беру. Кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін көбіне фискалдық чек бермейтіні құпия емес. Біз мұндай әрекеттер үшін белгілі бір жауапкершілік шаралары бар екенін түсіндіргіміз келеді.
Рейд барысында сала мамандары кәсіпкерлерге заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін және өз қызметтерін заң талаптарына сай жүргізудің маңыздылығын ескертті.
Салтанат Кеңесбекқызы