Өңірде жыл басынан бері 296 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндер көбейді. Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта алдын алу жұмыстарын күшейткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Қазіргі уақытта интернет арқылы алдау-арбау әдісі түрленген дейді құқық қорғау органдарының өкілі. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сақ болып, күмәнді қоңырау мен хабарламаларға алданып қалмау үшін ақпаратты нақтылауды ескертеді. Алаяқтар ұялы телефондағы түрлі мессенджерлер арқылы өңір тұрғынына жалған мәліметтер мен банк қосымшаларына сілтемелерді жібереді. Тіпті жалған қызметтік куәліктерін көрсетіп, тұрғындардың сеніміне кірген. Қылмысты болдырмау мақсатында жедел алдын алу шарасы жиі ұйымдастырылады.
Бекжан Малғаждаров, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Алаяқтар алдымен СМС хабарлама жолдайды, кейін Егов порталынан хабарласып отырмыз деп тұрғындардың сеніміне кіреді.Қандайда бір қызмет алу үшін сайтта тіркелуіңіз қажет дейді.Бұдан бөлек, банк қызметкерлері ретіне хабарласатындары да бар. Кейін құқық қорғау органдары өкілі ретінде хабарласып құпия сөзді немесе код айттыңыз ба деп қоңырау шалады. Сол үшін тұрғындарды күмәнді телефон қоңырауларына жауап бермей, СМС арқылы келген сілтемелерге өтпеуге шақырамыз.
Тәртіп сақшылары алаяқтардың арбауына 35 пен 65 жастағы азаматтар жиі түсетінін айтады. Себебі, бұл жастағы тұрғындардың тұрақты еңбекақысы, жинағы бар. Сондықтар алаяқтар осы азаматтарға жиі хабарласатын көрінеді.
Бекжан Малгаждаров, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Бұл азаматтардың тұрақты жалақысы мен белгілі бір жинақтары бар. Сондықтан қаскөйлер тұрғындардың атына несие рәсімдеуді көздейді.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіні жайлаған алаяқтар көпшілікті аз қаржы салып еселеп пайда табуға болатын жалған ұсыныстарымен тұзаққа түсіріп келеді. Интернет арқылы алдау-арбау әдісі де түрленіп отыр. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, CVV/CVC-кодтары мен операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады. Олар ұсынған мобильді қосымшаны да орнатпау қажет.
Ирина Санникова