Өскеменде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар өзара кім мықтыны анықтап, ел біріншілігінде бақ сынауда.
Биылғы жарысқа 169 ұл және 69 қыз қатысып, жалпы командалық және жеке көрсеткіштер бойынша өзара бәсекеге түсуде. Бұл чемпионат – жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Себебі, дәл осы жарыс қорытындысы бойынша мамыр айында өтетін Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталады.
Дінмұхаммед Қойшыбек, жарысқа қатысушы:
Мен осы жарысқа 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. Осы жарысқа ұзақ уақыт дайындалдым. Бұйырса жеңіспен қайтамын. Өзім ауыр атлетикадан кандидат мастер спортам бар.
Облыстың намысын бұл жолы 15 спортшы қорғауда. Олардың қатарында бұған дейін түрлі республикалық жарыстарда жүлде алып жүрген үміткерлер де бар.
Александр Девяткин, ауыр атлетикадан аға жаттықтырушы:
Бүгінгі бәсекеге жалпы саны 256 спортшы бақ сынауда. Бұл жарыс қорытындысы бойынша жасақталатын Қазақстан құрамасы алдағы Азия чемпионатына жолдама алады. Біздің облыстан мамыр айында өтетін Азия чемпионатына дайындық үшін шамамен 3–4 спортшыны іріктеу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жарысқа өңіріміздің атынан 15 спортшы қатысуда.
Білектілердің бәсекесіне, облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Гаджи Гаджиев, ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті:
Қазір біз Олимпиадаға назар аударып отырмыз, алайда негізгі басымдық, әрине, жастар құрамына беріліп отыр. Біз көптеген халықаралық сарапшыларды шақырып, семинарлар өткіздік, оқыту жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде жастар құрамасында бір серпіліс байқалды. Бұдан бөлек, соңғы бір жыл ішінде федерация, өңірлер және бапкерлер құрамы үлкен жұмыс атқарды. Соның арқасында қайтадан жүйелі әрі ауқымды дайындық жұмыстары жанданып, қарқын ала бастады.
Бұл сайыс 19-27 сәуір аралығында өтеді. Қазіргі уақытта сайыс тартысты өтіп жатыр. Жасөспірімдер өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, болашақтағы үлкен спорттағы қадамдарына берік негіз қалауда.
Нұрдәулет Қалибеков