Шығыс Қазақстан облысының делегациясы халықаралық білім беру семинарына қатысу үшін Қытай Халық Республикасына барды. Бағдарлама ШЫҰ бастамасымен ұйымдастырылуда.

Форумда жылдағы дәстүрге сай түрлі сала мамандары тәжірибе алмасып, IT саласындағы өзекті тақырыптарды талқылайды. Биыл қатысушылар қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасының өкілдері бар.

Чжан Шифэн, Қарамай қаласының әкімшілік академиясының директоры:

Қарамай қаласындағы оқу бағдарламасы аясында 10 курс өтті. Біз 300-ден астам IT маманын даярладық, олар қазірдің өзінде түрлі салаларға жасанды интеллект пен IT технологияларды енгізіп жатыр. Бұл — үшінші IT семинар-форум. Ол 3 кезеңге бөлінген: теория, тәжірибе, пікірталас. ШЫҰ-ға мүше барлық елдерді осы бағытта дамуға және білім алуға шақырамын.

Бағдарлама асында делегаттар Қытайдың озық кәсіпорындарымен танысып, ірі IT-парктерді және жетекші технологиялық компанияларды аралайды.

Сымбат Рамазанов, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы туризм жөніндегі кеңесінің төрағасы:

Біз сондай-ақ IT-парктерді, халықаралық компанияларды аралаймыз. Бұдан бөлек, Қытайдың Шыңжаң өңірінде жүзеге асырылып жатқан үздік жобаларымен танысамыз. Жобалар арасынан үздіктерді анықтап, оларды шығысқазақстанда жүзеге асыруымыз мүмкін.

ШҚО делегациясының құрамына кәсіпкерлік, IT-сектор, колледждер мен креативті индустрия өкілдері кірді. Қатысушылар мұндай басқосулар IT индустриясын зерттеудегі тың белес екенін атап өтті.

Мақпал Түсіпова, ШҚО делегациясының мүшесі:

Шынайы әсеріммени бөліскім келеді. Біліктілікті арттыруға бағытталған мұндай жобалар өзге елде қалай іске асырылатынын көргімміз келді. Шараны ұйымдастыру деңгей жоғары.Қазіргі қоғамға қажетті, білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау ісіне ерекше мән берілгеніне көз жеткіздік.

Бес күн бойы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасынан келген қатысушылар заманауи ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану бойынша білім алады. Қатысушыларды алда қарқынды бағдарлама, тәжірибе алмасу және халықаралық әріптестікті дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр.

Аяулым Усинова