Өскеменде «Біз өмір сүреміз!» атты халықаралық инклюзивті фестивальдің гала-концерті өтті. Дәстүрлі өнер кеші биыл бесінші рет ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ерекше жандардың басын қосты.
Мерекелік кеште Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Тарбағатай аудандарынан келген ұжымдар өнер көрсетті. Сонымен қатар Астана, Ақтөбе және Ақмола облысынан келген қатысушылар да фестиваль көркін қыздырды.
Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл дәстүрлі фестиваль болады. Біз мұны әрқашан қолдаймыз. Өмірде еліміздегі ең маңызды мәселе – адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, өзара сыйластығы. Сондықтан мұндай дүниелер, яғни қарым-қатынасты нығайтатын, бір-бірімізді қолдауға бағытталған шараларды біз әрқашан қолдаймыз, әрдайым ерекше мән береміз. Сондықтан баршаңызды облыс басшылығы атынан бүгінгі фестивальмен және гала-концертпен құттықтаймыз.
Өнерпаздар вокал, аспаптық және хореографиялық жанрларда өз шеберліктерін танытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Концерт бағдарламасы адам өмірінің мәні, мейірім мен махаббат, сондай-ақ қайсарлық пен үміт тақырыптарын арқау етті. Сондай-ақ, шара барысында қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, 30-дан астам шебердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Майнұр Амерова, «Ақ ниет» мектеп интернатының қолданбалы өнер үйірмесі мұғалімі:
Жалпы мұндай фестивальдер өте қажет. Себебі мұнда ерекше қажеттіліктері бар жандардың еңбегі еленеді. Мысалы біздің оқушыларымыз өздері жасаған бұйымдарын әкеліп, ерекше қуанды.
Осылайша, «Біз өмір сүреміз!» фестивалі тағы бір мәрте өнердің шекарасы жоқ екенін дәлелдеді.
Бекарыс Секен