Өскеменде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған модульдік оқыту бағдарламасы өтті. Жиын партиялық кадрлардың кәсіби және басқарушылық әлеуетін арттыруға бағытталды. Оқытуға мәслихат депутаттары мен партия қызметкерлері қатысты.

Бағдарламаның мақсаты заманауи басқарушылар корпусын қалыптастыру және олардың қызмет тиімділігін арттыру. Оқыту үш кезеңнен тұрады: теориялық білімді меңгеру, оны тәжірибеде енгізу және нәтижесін бағалау. Бұл тәсіл білім мен тәжірибенің өзара байланысын қамтамасыз етіп, нақты нәтижеге бағытталған.

Жандос Қалтаев, «AMANAT» партиясы ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары:

Барлық өңірлерді қамтитын оқу бағдарламасы - бес бағыттардан тұрады. Осы үш күн жалғасатында оның ішінде аудандық депутаттар, облыстық депутаттар, және де ауыл әкімдері, өзіміздің қызметкерлер, және де басқа партиялардың төрағаларын оқытатын боламыз. Оқыту бағдарламасы алты модульден тұрады, ол жерде қаржылық мәселесі, көшбасшылық қасиеттері, шешендік шеберлігі, коммуникация мәселелері және саяси науқандарды сәтті ұйымдастыру мәселелері талқыланатын болады.

Оқыту жүйесі тек теориямен шектелмейді. Әр модульден кейін қатысушылар тест тапсырып, білімін дәлелдеуі тиіс. Бағалау талаптары да нақты, яғни, тест 20 сұрақтан тұрады, кемінде 50 пайыз дұрыс жауап қажет.

Жанат Мекеева, «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

Осы жерде алған білімдерін ары қарай қызмет барысында сапалы қолдану, бірінші кезекте халықпен, тұрғындармен сапалы түрде кері байланыс орнату, халықпен қызмет атқару, олардың мүдделерін, тұрғындарының қажеттілігін түсіну, депутат ретінде, мемлекеттік органдар ретінде осы сұрақтарды шешуге барынша күш салу, өңірдің жалпы дамуына өз үлесін қосуға бағытталған бағдарлама.

Оқуды сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталып, болашақта кадрлық резервке ену мүмкіндігі қарастырылған.

Бекарыс Секен