Облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханасында Ұлттық кітап пен кітапханашылар күніне орай салтанатты шара өтті. Шараны кітапхана ұжымы «AMANAT» партиясының өңірлік филиалымен бірлесіп ұйымдастырды. ҚР Президенті III Ұлттық Құрылтайда қоғамда оқу мәдениетін дамыту жөнінде бастама көтерген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 23-сәуір ресми түрде Ұлттық кітап күні болып бекітілді.

Қарқынды өзгерістер дәуірінде барлық үдеріс цифрлық форматқа көшіп, күнделікті өмірді гаджетсіз елестету қиынға соғып тұрған шақта, кітаптың заманауи құндылықтар жүйесіндегі орны туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Алайда кітапханашылар қауымы бұл түсінікпен келіспейді. Олардың айтуынша, оқырманның кітапқа деген қызығушылығы әлі де жоғары деңгейде. Бұл – облыстық, қалалық және ауылдағы кітапханалардың жүйелі әрі ауқымды жұмысының нәтижесі.

Қорлан Туғамбаева, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасы:

Бүгін біздің елімізде екінші рет Ұлттық кітап күні тойланып жатыр. Бұгін біз «Amanat» партиясының дәне «Жастар Рухы» ЖҚ ұйымдастыруымен олыстық А.С Пушкин атындағы кітапханасында үлкен іс-шара өткізіп жатырмыз. Шараның мақсаты кітапханашыларды және ауданнан келген кітапхана директорларын, сонымен қатар, кітапхана қызметкерлерін, жыл көлемінде түрлі номинациялар бойынша оқырмандарын біз бүгін марапаттадық. Біз қаншалықты дамып, инновациялық тұрғыдан дамып жатсақ та кітап ол еш қашан екінші орынға түспейді, кітап ол өмірлік жан азығы дейміз. Жыл сайын кітапхана оқырмандары көбейе беруін тілейміз.

Кітапханашылар бүгінгі таңда сан түрлі міндетті қатар алып жүрген жандар. Олардың басты миссиясы – тек кітап қорын сақтау ғана емес, жас ұрпақты кітап оқуға баулу, өскелең ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырып, рухани әлемге жол сілтеу. Осы орайда аудандық кітапханалардың директорлары мен қызметкерлері, Шығыс Қазақстан облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапхана ұжымы алғыс хаттармен марапатталды.

Дана Қайсанова, Риддер қ. орталық кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі:

Бүгінгі аталып өтілген іс шараға шақырып осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп-көп рахмет. Бүгін өзіміздің кітапханамыздың атынан 7 адам болып семинарға келдік және де осындай ұлттық кітапхана күнінде біздің кітапханашылардың мерейтойы аясында бізді құттықтап осындай биік дәрежеге көтеріп жатқан Аманат партиясына да көп алғысымызды білдіреміз. Біздің Риддер қаласы кішкентай болғанымен кітапханамыз даму үстінде. Осындай үлкен іс-шараға шақырып елеп ескеріп жатқандарыңызға рахмет айтқымыз келеді.

Дильназ Кибадатова, колледж студенті:

Іс-шара барысында бізге арнайы көрме ұйымдастырылды. Осы мерекені атап өту шарасын да көрдік. Өте қызықты болды. Бізге осы көрмеде әр түрлі көне кітаптар жайлы көрсетті және қызықты ақпараттармен бөлісті. Атақты жазушылардың қолы қойылған кітаптарды да көрсетті.

Сондай-ақ кітапханаға тұрақты келіп, ұзақ жылдар бойы сүйікті ісіне адалдық танытып жүрген белсенді оқырмандар да марапаттан тыс қалмады. Олардың қатарында түрлі маман иелері бар. Барлығын біріктіретін ортақ құндылық – кітапқа деген шынайы сүйіспеншілік. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.