Өскеменде Ұлттық кітап күні ауқымды деңгейде аталып өтті. «Open Library: Ашық аспан астындағы кітапхана» шарасы А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ұйымдастырылды. Бұл мерекеге жазушылар, кітапханашылар, құнды мәлімет кітапта деп білетін оқырмандар келді. Іс-шараға ШҚО әкімі Нурымбет Сақтағанов қатысты.
Ресми статистика бойынша ШҚО кітапханаға ең көп оқырман келетін өңірдің бірі саналады. 2025 жылғы нәтижелер бойынша төртінші орынға шығып, шамамен 3,5 миллион келуші тіркелді. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов тұрғындардың оқуға деген қызығушылығы едәуір артқанын атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Баршаңызды ұлттық кітап күнімен құттықтаймын. Кітап - Білім мен тәрбиенің рухани көзі, рухани дамуының басты құралы. Бүгінгі біздің жастарымыз табысты болуы біліміне, іздемпаздығына кітап оқу құмарлығына байланысты екендігін жақсы біледі.
Мереке күні қонақтарға «Кітап – бұл бүтін бір әлем» атты интерактивті көрме, байқаулар, интеллектуалдық ойындар мен викториналық сұрақтар ұсынылды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында кітапханада заманауи технологияларды меңгеруге арналған арнайы тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, логикалық және ұлттық ойындар, Арт-студия және әдеби пікірталастар ұйымдастырылды.
Ұлпан Қанатқызы, Облыстық А. С. Пушкин атындағы кітапхана қызметкері:
Түрлі локацияларда оқырмандар назарына ойын-сауық ойындары ұйымдастырылуда. Президент жарлығымен «Бір ел-бір кітап» акциясы өтті ғой. Сол акцияда Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы ел болып, халық болып оқылатын кітап болып таңдалды.
Мереке қарсаңында белсенді оқырмандар марапатталды. Солардың бірі – Мадияр Рамазан. Ол төрт жасынан бастап балалар мен жасөспірімдер кітапханасына барады. Бүгінде ол айына 40-тан астам кітап оқиды. Мадияр әртүрлі жанрларды зерттеуге қызығушылық танытуда. Бүгінде орыс және ағылшын тілдерінде еркін оқиды.
Мадияр Рамазан, оқушы:
Мен әртүрлі кітаптар мен энциклопедияларды оқуды жақсы көремін. Мереке құрметіне мені ШҚО әкімі ең үздік оқырман ретінде марапаттады. Барлық адамдарға кеңесім – кітап оқыңыздар, сонда көптеген қызықты нәрселерді білесіздер.
Қазіргі таңда өңірде 170 кітапхана бар. Олар заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Жыл сайын кітап қоры толығып, келушелілерге адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге негізделген, оқу курстары мен түрлі бағдарламаларды жүзеге асыратын рухани ордаға айналып отыр.
Аяулым Усинова