Биыл қазақ баспасөзінің қара нары, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жұмаділ Әділбаев 80 жасқа толды. Осыған орай ардагер журналисттің мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Айтулы шара А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды.
Жұмаділ Әділбаев – саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған тұлға. Ол ұзақ жылдар бойы баспасөзде еңбек етіп, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, оқырман сеніміне ие болды. Әріптестері мен шәкірттері оны тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен де жоғары бағалайды. Ол журналистика саласында өзіндік із қалдырып, еліміздің ақпараттық кеңістігінің қалыптасуына елеулі үлес қосты.
Уәлихан Тоқпатаев, ардагер журналист:
Өте талапшыл, өте әділ, өте мейірімді. Қол астындағы қызметкерлерімен қарым-қабілетін дөп басатын, соған орай тапсыра білетін, бағалай білетін редактор болды.
Салтанатты кешке ардагердің әріптестері, шәкірттері мен зиялы қауым өкілдері жиналып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін арнады. Кездесу барысында Жұмаділ Әділбаевтың шығармашылық жолы мен қазақ журналистикасына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ардагер журналистің еңбегін жоғары бағалап, оның тәлімгерлік қызметі жайында пікір білдірді.
Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Сіз жай ғана басшы ғана болған жоқсыз, талай журналистердің қанатын қатайтып, тәрбиелеген мына залда отыр. Сондықтан сіз оларға ұстазсыз. Бүгін міне сіздің әріптестеріңіз, шәкірттеріңіз келіп отыр.
Кеш соңында мерейтой иесіне құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпаттар табысталды. Осылайша, тағылымы мол кеш рухани әсерге толы болып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерейтой иесінің өмір жолы мен еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Аяулым Усинова