23 сәуір - Ұлттық кітап күніне орай облыстық зағиптар және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханда «Кітаптар ортасында» атты ерекше мерекелік кездесу өтті. Бұл күн — кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтатын, рухани құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени мерекелердің бірі.
Кездесудің мақсаты - ұлттық әдебиетті кеңінен насихаттау, қоғамда оқырман мәдениетін қалыптастыру және рухани байлықты арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар әсіресе жастар үшін аса маңызды. Себебі, кітапқа деген қызығушылық — тұлғалық дамудың, білім мен мәдениеттің негізі.
Жұпар Бітібаева, облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері:
Бұл іс-шара оқырмандарға өз білімін көрсетуге, кітапхана әлемімен жақынырақ танысуға және рухани дамуына мүмкіндік береді. 2026 жылдан бастап 23 сәуірден бастап ресми түрде кітапханашылар күні болып белгіленді. Бұл кітапхана саласындағы қызметкерлер үшін ерекше мәнді кәсіби мереке.
Шара аясында «Ерекше бала» қоғамдық бірлестігі «Ертегілер әлемінде» атты шығармашылық алаңын ұсынды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл бастама «Жанды іс» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Көрме барысында келушілер табиғи шөптерден дайындалған шайдан дәм татып, ерекше қолөнер туындыларымен танысты. Әрбір бұйымда авторлардың шынайы еңбегі мен шығармашылық көзқарасы айқын көрінді.
Елена Нұрғалиева, «Ерекше бала» қоғамдық бірлестігінің өкілі:
Бүгін – Ұлттық кітап күні. Бұл біз үшін де үлкен мереке. Себебі, біздің қызметкерлеріміз, еріктілеріміздің барлығы осы кітапхананың оқырмандары.
Айта кету керек, бұл кітапхана өңірдегі зағип және көзі нашар көретін азаматтарға ақпараттық, білім беру және мәдени қызмет көрсететін маңызды орталықтардың бірі. Мұнда оқырмандар үшін Брайль қарпімен жазылған басылымдар, дыбыстық кітаптар және заманауи тифлотехникалық құралдар қолжетімді.
Нәзира Айтқазина, қала тұрғыны:
Осы кітапханамен бірге біте қайнасып жатқан жайымыз бар. Бізге екінші үйіміз сияқты, біз осында келіп, өз өнерімізді көрсетеміз. Әр түрлі фестивальдарға қатысамыз.
Белсенді оқырмандар «Үздік оқырман», «Оқырман отбасы» және «Кітапхананың үздік серіктесі» аталымдары бойынша марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай мәдени шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Аяулым Усинова