25 сәуір күні облыста ауқымды сенбілік өтеді. Жалпы өңір бойынша экологиялық шараға 100 мыңға жуық тұрғын мен 326 кәсіпорын қатысады деп күтілуде.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен кеңес өтіп, оған бизнес, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Басқосу барысында аймақта жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бастамасы талқыланды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бүгінде өңірімізде көшелерді абаттандыру, аулаларды ретке келтіру, заңсыз қоқыс алаңдарын жою бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ең бастысы азаматтардың саналы көзқарасы. Таза аула, таза көше, таза қала бұл біздің ортақ жауапкершілігіміз.
Мамандардың айтуынша, тазалықты сақтау – бір реттік акция емес, қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрсеткіші. Таза аулалар, күтіп-бапталған саябақтар, ретке келтірілген ғимараттар елді мекендердің сыртқы келбетін ғана емес, тұрғындардың туған жеріне деген көзқарасын да қалыптастырады. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасына, көңіл күйіне және өңірдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді.
Бақытжан Байахметов, ШҚО әкімінің орынбасары:
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен іс-шараларға 150 мыңға жуық адам қатысты. 1,5 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 3,5 мың аула ретке келтірілді. 250 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, шамамен 4 мың тонна қоқыс шығарылды. Биылғы жылы акцияға 32 мыңнан астам адам қатысып, 750 тоннадан астам қалдық шығарылды. 1100 гектар аумақ тазартылды.Көгалдандыру мәселесіне ерекше назар аударылуда. 2024 жылдан бері елді мекендер аумағында 248 мың түп көшет отырғызылды.
Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Шығыс Қазақстанда кең ауқым алып, үлкен қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Бұрын сенбілікке қатысу уақытша бастама ретінде қабылданса, бүгінде бұл – экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмысқа ұласқан.
Нұрдәулет Қалибеков