Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде «SHYGYS AIBYNY-2026» облыстық әскери-патриоттық жиыны өтті. Аймақтан 13 команда әскери-қолданбалы сайыстарда бақ сынап, өз ара кім мықтыны анықтады.
Биылғы әскери-патриоттық жиынға 2 қала және 11 ауданнан 13 команда, 130-дан астам жас өрендер қатысты. Жиынның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың әскери дайындығын арттырып, елге деген жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін дәріптеу. Ұлдар мен қыздардан құралған командалар саптық дайындық пен әскери-қолданбалы бағытта өз шеберліктерін көрсетті. Әскери патриоттық жиынның ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысы, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге әрдайым көңіл бөліп, тиісті тапсырмаларын беруде. Осы тұрғыда өткізіп отырған шарамыздың мәні мен маңызы зор. Біз батыр буын ағаларымыздың батырлығы мен ерен ерлігінің арқасында бүгінгі күні бейбіт өмір сүріп, білім алып, алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашағына қадам басып кележатырмыз.
Аймақтық деңгейдегі бұл дода - алдағы республикалық және халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына іріктеу кезеңі. Үздік нәтиже көрсеткен командалар өңір намысын республикалық жарыста қорғайды.
Айдос Әділбеков, Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Бұл шараның басты мақсаты өңіріміздегі жастардың бойында әскери патриоттық тәрбиені қалыптастыру, ҚР қарулы күштерінің имеджін көтеру болып табылады. Биылғы жылы облыс әкімі Нұрымбет Аманұлының тапсырмасымен жүлде қоры өсіп, ол 1 млн теңге біздің жастарымыздға табысталатын болады. Жеңімпаз команда биыл Ақмола облысында өтетін республикалық «AIBYNY» жарыстарына қатысатын болады.
Сайыс 7 кезеңнен тұрды. Қатысушылар автоматты шашып-жинау, белтемірге тартылу, жатып денені көтеру, әскери эстафета және мылтықтан ату сияқты сындарда бақ сынады. Әр кезең бойынша командалардың ұпайлары есептеліп, барлық нәтижелердің қорытындысы негізінде жеңімпаздар анықталды.
Дәурен Шоматов, облыстық «Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы:
Айбын жарысы үшінші жыл болып жатыр осы 27943 Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімде. Командирлеріне және осы жерлегі сержанттарға алғысымыз шектсіз. 7 айыс болады яғни олар автоматты жинап шашу, белтемірге тартылу, үшініші жатып денеден көтеру, төртіші әскери эстафета. Мылтықтан ату және ең соңғысы ОЗК ны кию.
Былтыр үздік атанған Алтай ауданының «Сұңқар» әскери-патриоттық клубы бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінуді мақсат еткен.
Тимур Щетинин, «Сұңқар» командасының жетекшісі:
Біз «SHYGYS AIBYNY» жиындарының екі дүркін чемпионымыз, сондықтан биыл да жеңіске жетеміз деп сенеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жоғары жетістіктер тілейміз. Біздің команда шамамен екі ай бойы дайындалды, сол себепті жоғары нәтиже көрсетуге ниеттіміз. Команда капитаны да екі дүркін чемпион. Биыл ол 11-сыныпқа өтеді, сондықтан бұл жарыс ол үшін ерекше маңызды. «SHYGYS AIBYNY» биыл да жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз.
Малика Даутова, «Сұңқар» командасының мүшесі:
Біздің «Сұңқар» командасы бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Барлық бағыт бойынша жүйелі түрде жаттығу жүргіздік. Команда мүшелері жеңіске жетуге бар күшін салуға дайын. Алдағы сайыста жоғары нәтиже көрсетеміз деп сенеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!
Қатысушылардың айтуынша, мұндай жиындар өзара бақ сынасып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Жаңа ортада нағыз командалық рухты сезініп, ерекше әсер алған. «SHYGYS AIBYNY-2026» жиыны – жастарды шынықтырып қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақты қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң.
Нұртас Қайролдаев