Риддерде «Жер Ана - ортақ үйіміз» атты фестиваль өтті. Шара Халықаралық Жер күніне орай ұйымдастырылды. Оған эко-белсенділер, еріктілер, қала мектептерінің оқушылары, шығармашылық ұжымдар мен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы қызметкерлері қатысты.
Фестиваль Шығыс Қазақстан облысының флорасы мен фаунасына арналған фотокөрмеден басталды. Көрмедегі көз тартар өсімдіктердің басым бөлігі Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағында өседі.
Наталья Премина, Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аға ғылыми қызметкері:
Мұнда Қызыл кітапқа енген өсімдіктер бар. Барынша ерекше түрлерін әкелуге тырыстық. Жалпы біздің өңірде Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктің 27 түрі бар. Олардың барлығы сирек кездеседі. Әртүрлі себептермен жойылып кету қаупіне де ұшыраған.
Шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы шығармалар көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Қайырды Орсаринов, Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының директоры:
Бұл фестивальде жергілікті халықты табиғатты қорғауға, экологияға дұрыс қарауға көп көңіл аудару үшін өткізіп жатырмыз.
Мамандар, экологиялық мәселелердің басым бөлігі адамның табиғатқа немқұрайлы қарауынан туындайды, сондықтан жастар арасында экологиялық тәрбиеге ерекше мән беру қажет,-дейді.
Евгения Нужных, Риддер қалалық мәслихатының төрағасы:
Табиғатқа деген тазалық мәдениетін балалардың бойына сіңіру бүгінгі күнгі басты міндет. Болашақ ұрпақ қоршаған ортаны қоқыстан сақтап, таза ұстауға өз үлесін қосуы тиіс.
Фестиваль қорытындысында табиғатты қорғау - әр адамның ортақ міндеті екені тағы бір мәрте айтылды. Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өскелең ұрпақты табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді.
Бекарыс Секен